Соңғы екі жылда Сыр өңірі алып құрылыс алаңына айналды. Әсіресе, мемлекеттік бағдарламалармен облыстың барлық жерінде, ауылдық округте, кенттерде, аудандарда тұрғын үй, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, халыққа қызмет көрсету салаларында көптеген ғимараттар салынып, халық игілігіне қызмет етуде.
Осы жылдары құрылыс және жобалау жұмыстарына барлығы 72,94 млрд.теңге қаржы бөлініп, игерілді. Білім беру саласында 45 нысан салынды. Басым бөлігі мектепке тиесілі. Яғни, 11 950 орынды құрайтын 34 мектеп пайдалануға берілді.
Құрылыс индустриясы – қашаннан да экономиканың негізгі іргетасы. Сондықтан да елдің экономикалық күш-қуаты мен әлеуметтік жағдайынының артуы құрылыс саласының дамуына тікелей байланысты. Соның нәтижесінде аймақ балабақша мәселесін де шешуге жақын қалды. Екі жылда 1300 орынды құрайтын 11 балабақша ашылды.
Ел болашағы саналатын жастардың да мәселесі назардан тыс қалған емес. Студенттерге арнап 1 жатақхана және түрлі спорттық алаңдар пайдалануға берілді.
34 денсаулық сақтау нысаны салынды. Атап айтсақ, 26 дәрігерлік амбулатория, 4 емхана, 1 аурухана, 200 орындық 1 перинаталды орталық, 2 фельдшерлік акушерлік бекет пайдалануға берілді.
Биыл тұрғын үй құрылысы өткен жылмен салыстырғанда 4-есеге артып отыр. Жақында 300 отбасы қоныс тойын тойлап, 6 тұрғын үй пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін тағы 137 мың шаршы метрді құрайтын 2090 пәтерлік 41 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Қызылорда қаласы Сырдария өзені сияқты ірі су артериясында орналасқан. Осы мүмкіндікті пайдалану мақсатында Сол жағалауға қала салу бастамасы көтерілді. Қазір сол жағалаумен байланыстарытын көпірдің құрылысы қарқынды жүруде.
Бұл Алаштың анасына баланған Сыр өңірінде бірер жылдың бедерінде атқарылған жұмыстар. Алға қойған мақсат пен жоспар бұдан да ауқымдырақ.