Қытайлықтар алматылық суррогат әйелден баласын алмай қойған

Көркем Алдабергенова 11 нау. 2026 10:08

Алматыда суррогат ана тапсырыс берушілер уәде еткен ақысын ала алмай отырғанын айтып, олардан 7,5 млн теңге талап етуде. Оның айтуынша, биологиялық ата-аналар шала туған сәбиден бас тартып, байланысқа шықпай кеткен, деп хабарлайды Dalanews.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап. 

27 жастағы Кристина Гаврилюк ақша үшін басқа отбасының баласын көтеруге келісім берген. Оның айтуынша, Қытай азаматтары болып табылатын ерлі-зайыпты жұппен келісімшарт жасалған. Эмбрионды Алматыдағы клиникалардың бірінде салған.

Жүктілік кезінде тапсырыс берушілер оған тұрақты түрде ақша аударып отырған. Ай сайын шамамен 200 мың теңге төлеп тұрған.

Алайда жүктілік асқынуына байланысты Кристина жетінші айда босанып, шала туған ұл дүниеге келген. Әйелдің сөзінше, осыдан кейін биологиялық ата-аналар баланы алудан бас тартқан.

Кристинаның айтуынша, кесарь тілігінен кейін нәрестені бірден бөлімшеге алып кеткен.

«Бірнеше сағаттан кейін медбике келіп, баланың жағдайы жақсы екенін айтты. Кейін биологиялық ата-аналар алдымен баланың денсаулығын тексеру үшін анализ тапсыруды талап етті. Талдау нәтижелері жақсы шықты. Кейін олар ДНҚ сараптамасын жасатуды сұрады. Сараптама баланың солардың перзенті екенін растады. Содан кейін біраз уақыт куратор арқылы сөйлесіп тұрдым. Кейін биологиялық ана жауап бермей, баланы алып кетуді сұрады», – дейді ол.

Кристина дүкенде сатушы болып жұмыс істейді және алты жастағы қыз тәрбиелеп отыр. Бұған дейін ол екі рет суррогат ана болған және ол жағдайлардың бәрі сәтті аяқталған.

Ал бұл жолы әйел уәде етілген сыйақысын ала алмай қалғанын айтады. Ол шын мәнінде басқа адамның баласын тәрбиелеуге дайын емес екенін ашық мәлімдеді.

«Мен тек аяймын. Өйткені осылай болып қалды. Дәрігерлер кейін ол тастанды бала болуы мүмкін екенін айтты. Кейіннен оның ата-анасы бас тартқаны туралы жазылды. Сол сәтте мен өзімді ғана ойладым – олар мені алдап кетті. Бала маған керек емес. Өйткені ол менің балам емес», – дейді Кристина.

Босанғаннан кейін әйел жаңа туған сәбиден ресми түрде бас тартқан. Қазір нәресте сәбилер үйінде.

Биологиялық ата-аналар туралы нақты ақпарат аз. Олардың Қытай азаматтары екені ғана белгілі. Қазір қайда жүргені белгісіз. Эмбрион салу процедурасы жасалған клиника бұл жағдайға қатысты пікір беруден бас тартқан.

Кристина полицияға арыз жазғанымен, Алматы қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғаудан бас тартқан.

Полиция өкілдерінің айтуынша, тексеріс нәтижесінде қылмыстық немесе әкімшілік құқықбұзушылық белгілері анықталмаған. Сондықтан бұл мәселені азаматтық сот тәртібімен шешу ұсынылған.

Қазақстанда суррогат ана болу заңмен рұқсат етілген. Бұл қатынастар «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» заңмен реттеледі. Құжат суррогат ананың медициналық көмекті алуына және келісілген сыйақыны алуына кепілдік береді.

Заңгерлердің айтуынша, әйел сотқа жүгініп, уәде етілген ақыны талап ете алады. Сонымен қатар биологиялық ата-аналар шетел азаматтары болғандықтан, Қытай елшілігіне және Сыртқы істер министрлігіне де жүгінуге болады.

Кейбір заңгерлер ата-аналардың әрекеті баланы қараусыз қалдыру ретінде қарастырылуы мүмкін екенін айтады.

Қазір жаңа туған сәби сәбилер үйінде дәрігерлердің бақылауында. Мамандар оның жағдайын тұрақты деп бағалап отыр – бала біртіндеп салмақ қосып келеді.

Әзірге нәресте ата-анасы бас тартқан бала мәртебесіне ие. Оның әрі қарайғы тағдырын мемлекет шешеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove