Қазақстанның оңтүстігінде су үнемдеу режимі енгізіледі

Қаракөз Амантай 24 ақп. 2026 14:41

Су ресурстары министрі Нұржан Нұржігітов 2026 жылға арналған су пайдалану лимиттері бекітілгенін мәлімдеді. Шектеулер Түркістан, Қызылорда, Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарына қатысты енгізілді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мұндай шешім 2025 жылғы қуаңшылық салдары мен Сырдария және Талас өзендері бассейндерінде су азаюы мүмкін деген болжамдарға байланысты қабылданған.

Бекітілген лимиттерге сәйкес, Түркістан облысына - 3,8 км³, Қызылорда облысына - 3,2 км³, Алматы облысына - 2,1 км³, Жетісу облысына - 1,8 км³, ал Жамбыл облысына - 1,2 км³ су көлемі бөлінді.

Министрлік негізгі тәуекелдердің бірі ретінде Тоқтоғұл су қоймасындағы жағдайды атап өтті. Қазір ондағы су қоры өткен жылмен салыстырғанда 1,5 км³-ге аз. Маусым басында қойма су жинау режиміне өтеді деп күтілуде. Бұл Мақтаарал мен Жетісай аудандарына су жеткізуге әсер етуі мүмкін.

Сондай-ақ жаз айларында өзен ағыны қалыпты деңгейден төмен болады деген болжам бар. Осыған байланысты әкімдіктерге, әсіресе күріш егісін жоспарлау кезінде, белгіленген лимиттерді қатаң сақтау тапсырылды.

Қуаң кезеңдегі шығынды азайту үшін министрлік Talsim-NG цифрлық болжау моделіне көшіп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove