Қазақстанда жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа зауыт салынбақ

Қазақстанда жылына 10 млн тонна мұнай өңдейтін жаңа зауыт салынбақ
Сурет: Zakon.kz/Павел Михеев

2026 жылы Қазақстанда үш ірі мұнай өңдеу зауытын (МӨЗ) жаңғырту және өндірістік қуатын кеңейту жобаларын іске асырудың практикалық кезеңі басталады. Бұл туралы Үкімет мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоспарға сәйкес, Павлодар мұнай-химия зауытының жылдық өңдеу қуаты 5,5 миллион тоннадан 9 миллион тоннаға дейін ұлғайтылады. Шымкент мұнай өңдеу зауытының қуаты 6 миллион тоннадан 12 миллион тоннаға дейін жеткізілсе, Атырау мұнай өңдеу зауытының көрсеткіші 5,5 миллион тоннадан 6,7 миллион тоннаға дейін артады.

Сонымен қатар жылына 10 миллион тонна мұнай өңдеуге қауқарлы жаңа мұнай өңдеу зауытын салу жобасы да пысықталып жатыр.

Салыстыру үшін айтсақ, өткен жылы еліміздегі үш мұнай өңдеу зауыты жалпы 18,4 миллион тонна мұнай өңдеген.