Freedom Inside '26

Қазақстанда зейнетақы жинағын алудың жаңа тәртібі енгізіледі

Қазақстанда зейнетақы жинағын алудың жаңа тәртібі енгізіледі
pixabay.com

Қазақстанда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын пайдалану кезінде қолданылатын ең төменгі жеткіліктілік шектерін есептеу тәсілі жаңартылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жаңа әдістеме салымшының қазіргі жасын ғана емес, оның зейнеткерлік жасқа дейінгі кезеңін, болашақ зейнетақы төлемдерін, инвестициялық кірісті және өзге де ұзақ мерзімді факторларды ескереді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше, жеткіліктілік шектерін жаңарту ең алдымен азаматтардың ұзақ мерзімді мүдделерін қорғауға бағытталған. Өйткені зейнетақы жинақтары қарапайым депозит немесе күнделікті шығындарға арналған қаражат емес, оның басты мақсаты – азаматтарды зейнеткерлік жасқа жеткеннен кейін тұрақты табыспен қамтамасыз ету.

Ведомство зейнетақы қаражаты ең алдымен болашақтағы зейнетақы төлемдеріне қызмет етуі тиіс деген ұстанымды басшылыққа алады. Министрлік бүгін жинақты мерзімінен бұрын пайдалану ертеңгі зейнетақы төлемдерінің көлеміне тікелей әсер етуі мүмкін екенін атап өтті.

Сонымен қатар зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайын жақсартуға немесе емделуге пайдалану мүмкіндігі сақталады. Зейнетақы мөлшері бұрынғы табысының кемінде 40 пайызын құрайтын зейнеткерлер тұрғын үй мен емделу қажеттіліктері үшін жинақтарының 50 пайызына дейін пайдалана алады.

Ал мемлекеттен еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алатын азаматтар зейнетақы шотындағы қалған қаражатты толық көлемде пайдалану құқығына ие.

Министрлік мәліметінше, жеткіліктілік шектері соңғы үш жыл ішінде қайта қаралмаған. Сондықтан оларды жаңарту зейнетақы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын сақтауға және азаматтардың болашақтағы қаржылық қорғалу деңгейін арттыруға бағытталған.

Ведомствоның пікірінше, жаңартылған әдістеме болашақтағы зейнетақы төлемдерін қорғауға, жинақтардың жеткіліксіз болу тәуекелін төмендетуге және қазақстандықтардың ұзақ мерзімді қаржылық жоспарлау мәдениетін қалыптастыруға мүмкіндік береді.