Қазақстанда жыл басынан бері 600-ден астам орман өрті тіркелген

Асель Қайратқызы 10 қар. 2025 15:45

2025 жылы Қазақстанда 609 орман өрті тіркеліп, жалпы аумағы 62,7 мың гектар жерді өрт шарпыған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Мемлекеттік бақылау, орманды қорғау және сақтау басқармасының басшысы Жолбарыс Нияздың айтуынша, ормандарды өрттен қорғаудың тиімділігін арттыру мақсатында 2023 жылдан бастап мемлекеттік орман иеленушілердің материалдық-техникалық базасын жаңғырту жүргізілуде.

2023–2024 жылдары 1 078 дана техника мен 1 787 дана өртке қарсы жабдық сатып алынды. Олардың ішінде 118 өрт сөндіру автоцистернасы, 242 жылжымалы орман өртке қарсы кешен, 516 трактор мен жүк көлігі, 202 патрульдік автокөлік және басқа да арнайы техника бар.

Биыл лизингтік қаржыландыру есебінен отандық өндірістегі өрт сөндіру техникасын жеткізу көзделген – 333 өрт сөндіру машинасы және 339 трактор. 2025 жылдың басынан бері 352 техника бірлігі жеткізілді. Қалған орман иеленушілер 2026 жылғы өрт қаупі жоғары маусым басталғанға дейін өртке қарсы жабдықтармен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.

Бұл шаралар елдің ең осал аймақтарындағы орман және табиғатты қорғау мекемелерін заманауи техникамен толық жабдықтауға мүмкіндік береді. Жаңа өрт сөндіру машиналары орман шаруашылығы мамандарының қатысуымен және соңғы жылдардағы ірі орман өрттерін сөндіру тәжірибесін ескере отырып жасалған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар