Freedom Inside '26

Қазақстанда «е-Ымдау» видеосөздігі іске қосылды

Қазақстанда «е-Ымдау» видеосөздігі іске қосылды
gov.kz

Қазақстанда инклюзивті білім беру саласындағы жаңа цифрлық ресурс – «е-Ымдау» ымдау тілі видеосөздігі ресми түрде іске қосылды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жоба есту қабілеті бұзылған балалар мен ересектердің білім алу, қарым-қатынас жасау және қоғам өміріне белсенді қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған.

Бастама ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті мен Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ғылыми-әдістемелік кеңесінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Жобаның басты ерекшелігі – сөздер мен ұғымдар ым-ишара арқылы бейне форматта ұсынылған интерактивті ақпараттық база. Автоматтандырылған іздеу жүйесінің көмегімен пайдаланушылар қажетті сөзді жылдам тауып, оның ымдау тіліндегі дұрыс орындалу үлгісін көре алады.

Ресурс қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді.

Видеосөздікті App Store арқылы жүктеп алуға немесе Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ресми сайты арқылы онлайн пайдалануға болады.

«е-Ымдау» видеосөздігі 21 лексикалық тақырыпты қамтиды.

Жоба есту қабілеті бұзылған азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға, ымдау тілін үйренуді жеңілдетуге және инклюзивті білім беру сапасын жақсартуға бағытталған.

Мамандардың айтуынша, жаңа цифрлық ресурс ерекше білім беру қажеттіліктері бар азаматтардың сапалы білім алуына және қоғам өміріне толыққанды қатысуына қосымша мүмкіндік береді.