Қазақстанда қант диабеті мен семіздікті емдеуге арналған заманауи препараттарға қолжетімділік кеңейіп келеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Осы бағыттағы технологиялар мен өндірістік мүмкіндіктер Санкт-Петербургте өткен ГЕРОФАРМ компаниясының пресс-турында таныстырылды. Dala News тілшісі өндіріс орнында болып, компанияның жұмысы және Қазақстандағы жоспарларымен танысты.
12 тамызда Санкт-Петербургтің Пушкин ауданында орналасқан ГЕРОФАРМ өндірістік кешеніне журналистерге арналған таныстыру туры өтті. Компания инсулиндер мен метаболикалық ауруларды емдеуге арналған препараттар әзірлейді және шығарады. Пушкиндегі зауыт компанияның екі өндірістік нысанының бірі саналады. Мұнда белсенді фармацевтикалық субстанциялар өндіріледі.

Пресс-тур барысында өндірістің бірнеше кезеңі көрсетілді. Оның ішінде арнайы микроорганизмдер штамдарын өсіру, олардан қажетті субстанцияны алу және кейінгі технологиялық өңдеу процестері бар. Өндірістің негізгі кезеңдері жоғары деңгейде автоматтандырылған.
Қазақстанда диабетпен ауыратындар саны өсіп келеді
Компания өкілдері кездесуде қант диабеті мен семіздіктің таралуы мәселесіне тоқталды.
ГЕРОФАРМ R&D орталығының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты Роман Драйдың айтуынша, семіздік қазіргі таңда тек сыртқы келбетке қатысты мәселе емес. Ол бірқатар созылмалы аурулардың даму қаупін арттыратын фактор ретінде қарастырылады.
«Бүгінде семіздік мәселесін тек адамның сыртқы келбетімен байланыстыру дұрыс емес. Артық салмақ денсаулыққа тікелей әсер етеді және екінші типтегі қант диабеті, жүрек қан тамырлары аурулары, артериялық қысымның жоғарылауы сияқты бірқатар жағдайлардың даму қаупін арттырады. Сондықтан қазіргі медицинада мәселені тек салмақты азайтумен емес, адамның жалпы метаболикалық денсаулығын жақсартумен бірге қарастыру маңызды», - деді Роман Драй.

Компанияның деректеріне сәйкес, Қазақстан мен Орталық Азия елдерінде халықтың едәуір бөлігінде артық салмақ бар. Бұл мәселе балаларға да қатысты.
Маманның айтуынша, екінші типтегі қант диабеті бұрын негізінен ересектерге тән ауру ретінде қарастырылса, қазір балалар арасында да кездеседі. Оның негізгі факторларының бірі семіздікпен байланысты.
Қазақстанда қант диабетімен ауыратын адамдар саны да артып келеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметіне сәйкес, өткен жылы елде қант диабетімен есепте тұрғандар саны 486 174 адамға жеткен. Оның 456 573-і екінші типтегі диабетпен ауырады.
Семіздікпен күресте жаңа тәсілдер
ГЕРОФАРМ өкілдері артық салмақпен күресте адамның ерік жігері ғана жеткіліксіз болуы мүмкін екенін атап өтті.
Роман Драйдың айтуынша, адамның ағзасында тәбетті реттейтін бірқатар механизм бар. Соның ішінде GLP-1 деп аталатын гормон маңызды рөл атқарады.
«Адам салмағын азайтқан кезде ағза бұрынғы салмаққа қайта оралуға тырысады. Бұл жерде тәбетті реттейтін гормондық механизмдер де маңызды. Сондықтан кейбір адамдар үшін тек тамақ мөлшерін азайтып, физикалық белсенділікті арттыру жеткіліксіз болуы мүмкін. Қазіргі препараттар осы механизмдерге әсер етіп, қанығу сезімін реттеуге көмектеседі», - деді ол.
Компанияның портфелінде семаглутид пен тирзепатид негізіндегі препараттар бар. Олардың қатарында Семавик және Седжаро өнімдері аталды.

Қазақстанда ГЕРОФАРМ әзірлеген семаглутид негізіндегі Семавик препараты 2025 жылы тіркелді. Компанияның мәліметінше, бұл Қазақстандағы семаглутид негізіндегі алғашқы аналогтық препарат болды.
Препарат екінші типтегі қант диабетін емдеуге арналған. Оның құрамындағы семаглутид GLP-1 рецепторларының агонистері тобына жатады.
Препарат рецептімен беріледі және оны қолдану дәрігердің бақылауын талап етеді.
Семаглутид өндірісін Қазақстанда жергіліктендіру жоспарда бар
ГЕРОФАРМ Қазақстан нарығына тек дайын препарат жеткізумен шектелмей, өндірісті жергіліктендіру бағытын да қарастырып отыр.
Компанияның мәліметінше, Қарағанды фармацевтикалық кешенінде 2020 жылдан бастап инсулин гларгин 100 МЕ/мл өндірісі, ал 2024 жылдан бастап инсулин гларгин 300 МЕ/мл өндірісі жүзеге асырылады.

Келесі кезеңдердің бірі семаглутид негізіндегі препаратты өндіру технологиясын қазақстандық серіктеске беру.
ГЕРОФАРМ бас директоры Петр Родионов Қазақстанды компанияның халықаралық даму стратегиясындағы маңызды бағыттардың бірі деп атады.

«Біз Қазақстанда бір реттік жеткізілімдермен шектелмей, ұзақ мерзімді әріптестікті дамытуға мүдделіміз. Технология трансфері, өндірісті жергіліктендіру және тәжірибе алмасу заманауи препараттардың қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар мұндай жобалар Қазақстанның фармацевтикалық өндірісіндегі технологиялық базаны күшейтіп, жаңа жұмыс орындары мен ғылыми өндірістік құзыреттердің қалыптасуына ықпал етеді», - деді Петр Родионов.
Қазақстанда Семавиктің тіркелуі компания үшін алғашқы шетелдік нарыққа шығу кезеңдерінің бірі болды. Препаратты Қарағандыдағы өндірістік алаңда шығару жоспары бұған дейін де жарияланған.
Балаларға қатысты зерттеулер жүргізіледі
Пресс-тур барысында балалар арасындағы семіздік пен метаболикалық ауруларға да ерекше назар аударылды.
ГЕРОФАРМ өкілдерінің айтуынша, компания семаглутид негізіндегі препараттың жасөспірімдердегі артық салмақ пен семіздікті емдеуге қатысты клиникалық зерттеулерін жүргізіп жатыр. 2026 жылы бұл зерттеулерді аяқтау жоспарланған, зерттеуге шамамен 800 жасөспірім қатысуда.

Қазақстанда да осы бағыттағы халықаралық ғылыми ынтымақтастықты дамыту жоспарланып отыр.
Компания Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығымен метаболикалық денсаулық, аурулардың алдын алу және пациенттер мен дәрігерлердің хабардарлығын арттыру бағыттарында ұзақ мерзімді ынтымақтастық туралы меморандум жасасқанын хабарлады.

Тараптар метаболикалық денсаулық саласында халықаралық клиникалық зерттеулер жүргізу мүмкіндігін қарастырып отыр. Оның ішінде балалардың денсаулығына қатысты зерттеулер де бар.
Инсулиннен жасанды интеллектке дейінгі өндіріс
ГЕРОФАРМ қызметі тек диабет пен семіздікті емдеуге арналған препараттармен шектелмейді. Компания эндокринологиямен қатар неврология, офтальмология, гинекология және урология бағыттарында жұмыс істейді.
Пушкиндегі өндіріс алаңына барған кезде Dala News тілшісі препараттарды жасау процесінің бірнеше кезеңімен танысты.

Зауыттағы өндірістік процестердің едәуір бөлігі автоматтандырылған. Бұл технологиялық операциялардың тұрақтылығын сақтауға және өндіріс кезеңдерін бақылауға мүмкіндік береді. Компанияның айтуынша, өндірістің негізгі бөлігі ғылыми зерттеулермен тікелей байланысты. Белсенді фармацевтикалық субстанцияны алу үшін биотехнологиялық әдістер қолданылады.
ГЕРОФАРМ бүгінде 14 елде жұмыс істейді. Компания өнімдерін Еуразиялық экономикалық одақ мемлекеттеріне, ТМД елдеріне, Моңғолияға, Мароккоға және Венесуэлаға жеткізеді.
Қазақстан үшін компанияның жобаларының маңызды бағыты фармацевтикалық өндірісті жергіліктендіру болып отыр. Бұл дайын препараттарды жеткізумен қатар, технологияларды елге енгізуге және жергілікті өндірістік құзыреттерді дамытуға мүмкіндік береді.
Қазақстандағы фармацевтикаға жаңа мүмкіндік
ГЕРОФАРМ өкілдері Қазақстан нарығында диабет пен метаболикалық ауруларды емдеуге арналған препараттарға сұраныстың бар екенін атап өтті.
Компанияның Қазақстандағы жобалары инсулин өндірісінен басталып, семаглутид негізіндегі препаратқа дейін жалғасып отыр. Алдағы кезеңде технология трансфері мен жергілікті өндірісті кеңейту мәселесі күн тәртібінде тұр.

Бұл бағыттың маңызы халықты қажетті дәрілік заттармен тұрақты қамтамасыз етумен қатар, Қазақстандағы фармацевтикалық өндірістің технологиялық мүмкіндіктерін кеңейтуге байланысты. Сонымен бірге компания өкілдері семіздік пен қант диабетінің алдын алу, ерте диагностика және пациенттердің медициналық сауаттылығын арттыру мәселелерінің маңызын атап өтті.
Семаглутид және басқа да рецептімен берілетін препараттар тек дәрігердің тағайындауы бойынша қолданылуы тиіс. Олардың қарсы көрсетілімдері бар, сондықтан емдеу тәсілін медициналық маман пациенттің жағдайына қарай анықтайды.