Қазақстанда ақылы автомобиль жолдарымен жүру ақысын төлеу тәртібі өзгерді. Тиісті өзгерістерді Көлік министрлігі бекітті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа ережеге сәйкес, жеке тұлғалар үшін төлем мерзімі ұзарды. Енді жүргізушілер жол ақысын 30 күнтізбелік күн ішінде төлей алады.
Егер осы уақыт ішінде төлем жасалмаса, 31-күні материалдар көліктік бақылау органдарына жолданады.
Бұған дейін талап қатаң болатын: төлем 7 күн ішінде жасалмаса, 8-күні-ақ әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалдар тиісті органдарға жіберілетін.
Компаниялар үшін бөлек тәртіп
Жаңа өзгерістер аясында алғаш рет жеке және заңды тұлғаларға қатысты талаптар бөлек қарастырылды.
Заңды тұлғалар үшін төлем мерзімі өзгеше: олар жол ақысын есепті айдан кейінгі айдың 20-сына дейін төлеуі тиіс.
Егер компания бұл талапты орындамаса, материалдар келесі күні-ақ көліктік бақылау органдарына жіберіледі.
Қашан күшіне енеді?
Жаңа ережелер ақылы республикалық жолдарды пайдаланушылар үшін қолайлы жағдай жасауға және айыппұл жағдайларын азайтуға бағытталған.
Құжат алғашқы ресми жарияланған күннен кейін 10 күнтізбелік күн өткен соң күшіне енеді.
