Қазақстанда 11 жастағы ұлдарға АПВ-ға қарсы екпе салу жоспарланып отыр

Қазақстанда 11 жастағы ұлдарға АПВ-ға қарсы екпе салу жоспарланып отыр
Фото: NEGE.kz

Қазақстанда 2027 жылдан бастап 11 жастағы ұл балаларды адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы вакцинациялау пилоттық режимде қолға алынбақ. Бұл туралы 2027–2029 жылдарға арналған бюджет жобасын талқылау кезінде қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Елімізде АПВ-ға қарсы екпе 2024 жылдың қыркүйегінен бері 11–13 жастағы қыздарға салынып келеді. Вакцинация ата-анасының немесе заңды өкілінің келісімімен жүргізіледі. Енді профилактикалық бағдарламаға ұл балаларды да қосу көзделіп отыр.

Адам папилломасы вирусының кейбір түрлері қатерлі ісікке әкелуі мүмкін. Бұл инфекция ер адамдар арасында да бірқатар онкологиялық және өзге аурулардың пайда болу қаупін арттырады. Мамандар екпені жасөспірім кезде салу ағзада вируспен ықтимал байланысқа дейін қорғаныс қалыптастыруға мүмкіндік беретінін айтады. Сонымен қатар вакцинация ауқымының кеңеюі инфекцияның таралуын тежеуге ықпал етеді.

2027 жылға арналған бюджет жобасында денсаулық сақтау саласына шамамен 2,5 трлн теңге қарастырылған. Қаражат тегін медициналық көмек көрсетуге, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, медициналық сақтандыру мен профилактикалық бағдарламаларды іске асыруға жұмсалмақ. Медианалық жалақының өсуіне байланысты міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне қосымша 185 млрд теңге бөлу ұсынылған.

Сондай-ақ 2027 жылы Қазақстанның төрт өңірінде өкпе обырын ерте анықтауға арналған пилоттық скрининг енгізу жоспарланып отыр. Тексеру төмен дозалы компьютерлік томография арқылы жүргізіледі. Скрининг, ең алдымен, 50 жастан асқан азаматтарға, ұзақ уақыт темекі шеккен немесе бұрын шылым шеккен адамдарға және зиянды өндірісте еңбек ететін қызметкерлерге ұсынылады.