Қазақстан СІМ: Бучадағы киіз үй? Ресейге ресми жауап берілмейді

Dalanews 11 қаң. 2023 09:35 742

Қазақстан Украинаның Буча қаласына орнатылған киіз үйден ешқандай мәселе көріп тұрған жоқ және Ресей билігіне оған қатысты ресми түсініктеме бермейді.

11 қаңтарда Азаттық тілшісінің сұрағына жауап берген Қазақстан сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров осылай деп мәлімдеді.

"Киіз үй қойылды. Бұдан қандай проблема туындады? Қойылды. Көмек көрсетілді. Бұл жеке қазақстандық компаниялардың бастамасы. Өздері жинап, өздері апарып, өздері көмектесіп жатыр" деді Айбек Смадияров.

Оның айтуынша, Қазақстан жағы киіз үйге қатысты арнайы комментарий беруді хош көрмейді. Қазақстанда 300 мыңға жуық украин барын, Украинада да қазақ диаспорасы барын еске салған министрліктің ресми өкілі "әрине, Украинада жағдай қиын. Сондықтан бұл ақпарат мүмкін басқаша көрініп жатқан шығар. Бірақ біз одан ешқандай мәселе көріп тұрған жоқпыз" деді.

Қаңтар басында Украинаның Киев облысында Ресей басқыншылығынан қатты зардап шеккен аумақтардың бірі Бучада "Незламності" яғни, "мызғымастық" пункті ашылған еді.



Қазақ үй ішіне орналасқан пункт тұрғындарға қыс кезінде жарық пен жылу болмаған шақта тұрғындар келіп, жылынып, телефондарын қуаттап алу үшін ашылған.

Бұған дейін қазақ үйді қазақстандық кәсіпкерлер мен Украинадағы қазақ диаспорасы өкілдерінің тіккені хабарланған.


Бір күн бұрын Ресей СІМ ресми өкілі Мария Захарова Қазақстанды Бучадағы қазақ үйге байланысты түсініктеме беруге үндеген еді. Захарованың айтуынша, Қазақстанның ресми өкілдері қазақ үйге қатысы жоғын айтқан. Бірақ "Ресей-Қазақстан одақтастығына нұқсан келмес үшін" ресми Астананың оған түсініктеме бергені абзал деген еді Захарова.

11 қаңтарда Азаттық тілшісі Қазақстанның ресми өкілдерінен Захароваға "киіз үй" жайлы кім "түсініктеме берді" деген сұраққа Смадияров "білмейміз" деп жауап берді.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар