Қазақстан көшпенділердің цифрлық ордасына айналады – Данияр Мұқанов

Меруерт Төленова 26 ақп. 2024 13:39 2726

Айналдырған бірнеше секундта банк картасын шығарып береді. Санаулы секундта құжаттар дайын. Төлемдерді телефонмен жайғастыра беретін болдық. Адамға қызмет көрсететін роботтар пайда болды. Бұл – процестердің автоматтануы, цифрлық технологиялардың заманы. Алдағы уақытта өздігінен жүретін көліктердің қызығын көретін боламыз. Қазір елімізде жасанды интеллект өнімін қолданушылар саны күннен күнге артып келеді.

 

Суперкомпьютер жасанды интеллектті дамытады

Қазақстанның ІТ саласының мамандары да жасанды интеллект құралдарын қазақ тіліне бейімдеп жатыр. Биылдан бастап Үкімет қуаты күшті суперкомпьютер құруға кірісті.

Отандық мамандардың айтуынша, қуаты күшті компьютер жасанды интеллектті дамытуға мүмкіндік береді. Өйткені суперкомпьютердің негізгі арқауы – мәліметтер, деректер.

Бүгінде елімізде 87 мемлекеттік мәліметтер базасынан құралатын дерекқор қалыптасқан. Бірақ жасанды интеллекттің озық үлгілерін жасау үшін бұл жеткіліксіз. Сондықтан бұл жұмыс биыл ерекше қарқын алмақ. 

Программист, Generative AI маманы Данияр Мұқанов Қазақстанға суперкомпьютер ауадай қажет екенін айтуда. Бұл қадам ауқымды деректерді кеңінен қолдануға тың серпін береді, әрі қазақ тіліндегі жасанды интеллектті дамытады деп санайды.

– Президентіміз «Digital Nomad Residency» бағдарламасын іске қосу керек екенін, Қазақстанда қуаты күшті суперкомпьютер жасалып жатқандығын жақында айтты. Расында да елімізде жасанды интеллект дамытып, Қазақстан әлемдегі «цифрлық көшпенділердің ордасына» айналуы біз үшін маңызды. Ол үшін бізге қуаты, әрі күшті компьютер керек. Бұл бастаманы мен осы елдің азаматы ретінде, программист ретінде толық қолдаймын. Алдағы уақытта біздер экономиканы толық цифрландыруымыз қажет. Бұл ретте жасанды интеллект технологиясын кеңінен қолдануыдың маңызы зор. Осы арқылы біз дамимыз, экономикамызды жаңа деңгейге көтереміз.

Жасанды интеллект біздің экономикамызға қарқынды түрде әсер етіп, дамытуға оң ықпалы етеді. Ол үшін өзіміздің тілімізде сөйлейтін, біздің контексті түсінетін жасанды интеллекттің болу керек.

Біздің елде орыс тілі кең таралған дегеннің өзінде Қазақстандағы орыс тіліндегі ақпараттар басқаша. Мысалы, Қазақстанда бір заңнама туралы мәтін іздейтін болсақ, Google бізге бөліп береді. Әрине Google Ресейдің заңнамасын шығарып бермейді, тек Қазақстанға қатысты мәліметтерді шығарады. Геолокацияға байланысты біз Қазақстанды бірінші көреміз. Ал жасанды интеллект әзірге бүкіл мәтінді бірдей қабылдағандықтан бізге Ресейдің заңдарын шығарып беруі мүмкін. Сондықтан бұл жерде өзіміздің ақпаратымызды қолдану өте маңызды. Сол үшін арнайы суперкомпьютерлердің болғаны абзал, – дейді Данияр Мұқанов.

Программистің сөзіне жүгінсек, суперкомпьютердің көпшілікке қолжетімді болғаны дұрыс. Бұл елдегі бюрократияны толықтай жояды, әрі жасанды интеллектті анағұрлым дамытады.

– Мәселен бір ақпарат қажет болса, бізде оны алу қиын. Жасыратыны жоқ, мемлекеттік органдар көбіне баяу жұмыс істейді, тіпті бюрократияға толы интитут десек те болады. Бір қағазды алу үшін көп уақыт кетеді, ал суперкомпьютер болса, барлық құжаттар жылдам уақытта қолжетімді болады. Сол себепті қуаты күшті бір компьютердің қолымызда тұрғаны дұрыс. 

 

Қазақстанда жасанды интеллекттің дамуы қазақ тілімен тығыз байланысты болуы керек

Жасанды интеллектті қазақша сөйлетуде суперкомпьютердің рөлі айрықша. Сондай-ақ, ірі есептеу жобаларын жасағанда да ауадай қажет. Open air chat gpt немесе басқа да жобалар жайлы айтқанда біз олардың тек техникалық экспертизаларын ғана емес, үлкен қуатты компьютерлері туралы әңгіме қыламыз.

Мысалы, қазір Open Al-дың жетекшісі Сэм Альтман 7 трлн доллар инвестиция іздеп жатыр. Өздеріне суперкомпьютер жасау үшін осындай сомадағы ақшаны тапсам деп отыр. 7 трлн доллар дегеніміз – бұл әлемнің жалпы ішкі өнімінің 10%-ы. Өте үлкен қаражат. Мұндай ақшаның табыла кетуі екіталай. Сондай қаражат көзін іздестіріп жүргенінің өзі көп нәрсені білдіреді. Сондықтан бізге артта қалуға болмайды. Елімізде суперкомпьютердің болғанының пайдасы болмаса еш зияны жоқ, – дейді білікті маман.

Данияр Мұқанов «Қазақстан көшпенділердің цифрлық ордасына айналса, бұл ел дамуына оң серпін береді» деп санайды. Соңғы кезде пайда болған «цифрлық көшпенділер» деген ұғымды ұтымды пайдалана білсек деп ой түйіндеді.

–  «Цифрлық көшпенділер» деген термин – цифрлық технологиялар саласында қашықтан еңбек ететін, бір жұмыс орнына байланбай, әлемнің кез келген жерінде тұра беретін адамдарға қатысты қолданылады. АҚШ melting pot дейді ғой, жан-жақтан келіп жатқан әртүрлі мәдениеттің тоғысуы. Жаңа дүниелерді көреміз, тәжірибе алмасып, әртүрлі адамдармен біз байи түсеміз, дами түсеміз.

Алайда, таяқтың екі ұшы бар екенін ұмытпаған абзал. Бір жағынан, мәліметтер базасы көпке қолжетімді болғаны дұрыс. Ал екінші жағынан қауіпсіздік, жеке мәліметтерге қол сұқпау, деректердің сапалы болуын қамтамасыз ету мәселесі бар.

Негізі бұл сала бойынша киберқауіпсіздік мамандары жұмыс жасайды. Жалпы, жасанды интеллекттің қоғамға, адамға әсері жағынан екіге бөліп қарастыруға болады. Ол біздің қазір қолымыздағы бар деңгей және болашақтағы потенциалы.

Меніңше, қазіргі деңгейі – дән кезі. Біз әзірге бірінші кезеңдеміз, яғни бұл егін егу кезеңі. Жасанды интеллект әлі қарқынды өседі, дамиды. Керек десеңіз ЖИ біз болжай алмайтын өзгерістерге алып келуі мүмкін.

Бірақ баға беру үшін қазіргі деңгейін ғана қарастырып өтейік. Өйткені оның ертеңгі жағдайына болжам айту өте қиын.

Еңбек нарығына қазірдің өзіне әсер етіп жатыр. Мәселен, қазір кім мәтінмен жұмыс істеп жатыр, солардың жұмысын ЖИ біршама жеңілдетті. Ақын-жазушылар, журналистер, SMM мамандары, копирайтерлердің бәріне бұл жақсы құрал болды. Дегенмен олардың жұмысын толығымен атқаруға әзірге шамасы келмей тұр. Мүмкін бұл дән егу деңгейінен өсіп, жеміс бере бастаған кезде адам еңбегін толық алмастыруы ықтимал.

Бірақ әзірге сапалы өнім алу үшін жасанды интеллекттің құр өзі болғаны аз, бәрібір координация жасап, қолмен бақылап отыруы керек. Десек те еңбек нарығында ЖИ өнімділікті қатты арттырады.

Белгілі бір жобаны жүзеге асыруға бір апта кететін болса, қазір сол жұмысты бір күнде аяқтауға болады. Адами құндылықтарға келсек, бұл оңай мәселе емес. Халық жасанды интеллектті терең қабылдады деп айта алмаймыз. Дамыған Батыстың өзінде жасанды интеллектті адамдардың тең жартысы ғана қолданады. Сондықтан бұның қоғамға, адами құндылықтарға толық әсерін әзірге қатты көрмедік. Менің ойымша, адамнан айла артылмайды. Бізде үй жұмыстардың деңгейі, дипломдық жұмыстардың деңгейі, тексеру деңгейі өзгереді. Бұған адаптация жасаймыз. Кезінде есептер калькуляторға қалай адаптация жасады. Тура солай бағдарламалар да барлығы адаптациядан өтеді деп ойлаймын, – дейді Данияр Мұқанов.

Ақпараттық технология саласындағы тың жобалардың басы-қасында жүрген маманның айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллекттің дамуы қазақ тілімен тығыз байланысты болуы керек. Себебі дәл қазір елімізде жасанды интеллекттің қазақ тіліндегі деңгейі мәз емес. Бірақ жағдайды түзеуге мүмкіндік бар. Жасанды интеллекттің қазақша сөйлеуіне әрбір адам үлес қоса алады.

– Жасанды интеллектің өзегі тіл, сондықтан біз өз мемлекеттік тілдегі қолданысын дамытуымыз қажет. Мәселен қазір ChatGPT-ден сапалы және толыққанды қазақша ақпарат алу қиындау. Мемлекеттік тілдің аясын кеңейту үшін ғаламторда қазақ тіліндегі ақпаратты барынша көбейту керек. Сауатты, жан-жақты қазақша ақпарат барлық саланы қамтыған кезде ғана жасанды интеллекттің қазақ тіліндегі мүмкіндігі кеңейе түседі. Сонда ғана қазақ тілі – ғылым тіліне айналады.

 

Бәсеке бар жерде сапа да қатар жүреді

Ата-әжелерімізге дейін цифровизацияның игілігін көріп, яғни онлайн банкингті қазақша қолданып жатса, қарапайым базарда тұрған саудагерлердің барлығы дерлік онлайн банкингтің қызығын көріп жатса, міне сонда ғана Қазақстанда цифровизация мықты дамыған деп айтуға болады. Ал қазір бізде IT мамандар, digital мамандар болмаса біз қарапайым адамдардың жаппай қолданып жүргенін көрген жоқпыз. Себебі қазақшамыз оңбай тұр. Тіпті, ЖИ орыс тілінің өзінде де ағылшын тіліндегідей мінсіз жұмыс істемейді. Сонықтан менің ойымша жасанды интеллектің Қазақстандағы даму деңгейі әлі ойдағыдай емес. Кейде ChatGPT қазақ тіліндегі терминдерді, атауларды, контексті, сөз мағыналарын түсінбей жатады. Мұндай проблема тек бізде ғана емес, көптеген елдерде бар.

Бүгінде мемлекет ІТ мамандықтарға көп көңіл бөліп отыр. Гранттар бөліп, бағдарламалар ашылып жатыр. Бұл құптарлық жайт. Программистер көп болған сайын бәсекелестік те арта түседі. Бәсеке бар жерде сапа да қатар жүреді. Ол сапа біздің Қазақстан атынан бір ІТ өнімді жасап, әлемдік ІТ картаға Қазақстандық өнімді енгізуге көмектеседі. Әзірге біз әлемде ІТ мемлекет ретінде белгілі емеспіз. Бізге қарағанда Беларус, Украина әлдеқайда атақты. Олардың өнімдерін Фейсбук, Гугл сияқты алпауыттар сатып алып жатыр. Елімізде санақ бойынша 15 мың программист бар. Украинада 200 мың программист бар. Адам санына шаққанда оларда 1 мың адамның 6-уы программист болып жұмыс істейді екен. Біз де мың адамның 1-еуі ғана программист. ІТ мамандардың көп болуы тарихи кезеңдерге де байланысты. Кезінде Кеңес үкіметі ыдыраған кезде көптеген технология соларға қалды. Енді бізге бос отырмай сапалы мамандар даярлауға кірісу керек. Университеттерде студенттерді ескі бағдарламамен емес, жаңа бағдарламамен оқыту керек, жаңа трендтерді пайдалану, көбірек практикаға ден қойған дұрыс. Әлемде мемлекет ретінде өзіңді көрсету үшін жасанды интеллектті дамыту маңызды, – дейді Данияр Мұқанов.

 

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар