Freedom Inside '26

Қазақстан бидайды импорттауға шектеу қойды

Қазақстан бидайды импорттауға шектеу қойды
Сурет: Depositphotos

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігі елге бидай әкелуге уақытша тыйым салуды көздейтін бұйрық жобасын әзірледі. Құжатқа сәйкес, шектеу алты ай мерзімге енгізілуі мүмкін, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тыйым бидайды автомобиль, су және теміржол көлігі арқылы әкелуге қатысты болмақ. Шектеу үшінші елдерден, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден жеткізілетін бидайға да қолданылады.

Дегенмен құжатта бірқатар ерекшелік қарастырылған. Атап айтқанда, құс шаруашылығы және астық өңдеу кәсіпорындарына, лицензиясы бар элеваторларға, сондай-ақ "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясына бидайды теміржол арқылы әкелуге рұқсат етіледі. Бірақ мұндай астықты ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да сатуға болмайды.

Сонымен қатар шектеу Қазақстан аумағы арқылы өтетін теміржол транзитіне және ЕАЭО елдері арасындағы Қазақстан арқылы транзитпен жүзеге асырылатын жеткізілімдерге қолданылмайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, бұл бастама отандық өндірушілерді қолдауға және олардың өнімін тұрақты өткізуге мүмкіндік беруге бағытталған.

Бұйрық жобасы ашық нормативтік-құқықтық актілер порталында жарияланып, 1 шілдеге дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.