«QazaqGaz» ҰК» АҚ еншілес ұйымы – «QazaqGaz Aimaq» АҚ 2026–2027 жылдардағы күзгі-қысқы кезеңге газ тарату жүйелерін дайындау жұмыстарын жалғастырып жатыр. Қазіргі таңда жоспарланған іс-шаралардың орындалу деңгейі 34%-ға жетті, деп хабарлайды dalanews.kz.

«Дайындық жұмыстары газ тарату желілерінің 77 мың шақырымнан астамын және газ шаруашылығының 287 мыңнан астам нысанын қамтиды. Алдағы жылыту маусымында тұтынушыларды сенімді әрі қауіпсіз газбен қамтамасыз ету мақсатында жұмыстарға өндірістегі 5 мыңнан астам қызметкер жұмылдырылған», - деді «QazaqGaz Aimaq» АҚ өндірістік-техникалық департаментінің директоры Асқар Қонақбаев.
Дайындық аясында газ реттеу пункттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп, ажыратқыш құрылғыларға техникалық қызмет көрсетілуде. Сонымен қатар электрохимиялық қорғаныс құралдары жөнделіп, газ құбырларына аспаптық тексерулер жүргізілуде.

Компания газ тарату инфрақұрылымының сенімділігін арттыруға ерекше назар аударып отыр. Биыл газ қысымының төмендеу себептерін жоюға, сондай-ақ тарату желілеріндегі апаттар мен түрлі оқыс оқиғалардың алдын алуға бағытталған 227 іс-шара іске асырылуда.
Олардың қатарында газ құбырларын сақиналау, қосымша шкафтық газ реттеу пункттерін орнату, қысым реттегіштерін жаңарту және газ құбырларының жекелеген учаскелерінің өткізу қабілетін арттыру мақсатында диаметрін ұлғайту жұмыстары бар.
Тұтынушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету компания қызметінің басым бағыттарының бірі болып қала береді. Осыған байланысты тұрмыста газды қауіпсіз пайдалану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылыту маусымында республикалық және өңірлік телеарналарда 580-нен астам бейнеролик көрсетілді. Сонымен қатар жергілікті атқарушы органдармен және төтенше жағдайлар қызметтерімен бірлесіп 470-тен астам профилактикалық рейд ұйымдастырылып, бұқаралық ақпарат құралдарында 300-ге жуық материал жарияланды. Халық арасында 130 мыңнан астам жадынама таратылды.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, газды қауіпсіз пайдалану мәдениетін арттыру мақсатында 112 қызметі арқылы апта сайын SMS-хабарламалар жіберу ұйымдастырылды.
«Қауіпсіздік деңгейін арттыру және газдың шығу орындарын дер кезінде анықтау мақсатында «QazaqGaz Aimaq» АҚ заманауи мобильді диагностикалық кешендерді белсенді қолдануда. Жыл басынан бері «ДЛС Пергам» мобильді зертханасының көмегімен 5 595 шақырым газ тарату желісі тексерілді. Тексеру нәтижесінде 104 газ шығу дерегі анықталып, толықтай жойылды», - деп атап өтті Асқар Қонақбаев.
Сонымен қатар елді мекендерді газдандыру жобалары кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Астана қаласында газдандырудың бірінші және екінші кезеңдері толық аяқталып, үшінші кезең бойынша жұмыстар жалғасып жатыр. Барлық кезең аяқталғаннан кейін елордадағы шамамен 300 мың тұрғын табиғи газға қол жеткізеді. Бүгінде газ қаланың негізгі энергетикалық инфрақұрылым нысандарына, соның ішінде ЖЭО-1, ЖЭО-2, ЖЭО-3 және газ жылу станцияларына жеткізілген.
Қосшы қаласында да газдандыру жобасы кезең-кезеңімен іске асырылуда. Бірінші іске қосу кешені пайдалануға берілгеннен кейін 8 мыңға жуық абонент табиғи газға қосылу мүмкіндігіне ие болды. Ал 2026 жылы келесі кешендерді іске қосу нәтижесінде қосымша 10 мыңнан астам тұтынушы көгілдір отынмен қамтылады.
Ақмола облысында да ауқымды жұмыстар атқарылып жатыр. Соңғы жылдары Аршалы және Целиноград аудандарындағы ондаған ауыл мен елді мекен табиғи газға қосылды. 2026–2027 жылдары өңірдегі газ инфрақұрылымын одан әрі кеңейту жоспарланып отыр. Бұл жаңа елді мекендерді экологиялық таза әрі қолайлы энергия көзімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«QazaqGaz Aimaq» АҚ жылыту маусымы кезеңінде еліміздің барлық өңіріндегі тұтынушыларды сенімді, қауіпсіз және үздіксіз газбен қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.