“Қазақфильмнің” алдағы тағдыры не болмақ? — Балаева пікір білдірді

Қаракөз Амантай 13 қар. 2024 15:30 1862

Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева “Қазақфильм” АҚ-ның қазіргі жай-күйі мен болашағы жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

БАҚ өкілдері министрге “Қазақфильм жабылуы мүмкін бе? Оның тағдырына қауіп төніп тұрған жоқ па? ” деген сұрақ қойды.

Балаеваның сөзінше, киностудияның қазіргі жағдайы мәз емес.

"Министр ретінде “Қазақфильмнің” жабылмайтынын ресми мәлімдеймін. Иә, оның қазіргі жағдайы өте күрделі. Кино мен кинематографияның дамуы "Қазақфильмнің" тарихымен тікелей байланысты. Мәдениет және ақпарат министрлігінің бүгінде "Қазақфильмді" тікелей қаржыландыруға құқықтық негізі жоқ. "Қазақфильмнің" кино түсіретін басқа да көптеген продюсерлік компания сияқты құқығы бар. Сол себепті біз нақты шаралар әзірлеп жатырмыз. Алдымен заңнамалық деңгейде осы мәселені реттеу қажет”, - дейді ол.

Айтуынша, ақша бөлінбей жатып алға жоспарлар құру мүмкін емес.

“Қаржыландыру жоқ кезде, даму туралы сөз қозғай алмайсың. Бос тұрған кеңселер мен құрылғыларды жалға беру арқылы түсіп жатқан қаражат сонда жұмыс істейтін қызметкерлердің айлығына жұмсалады”,- деді министр.

Айта кетейік, бүгін "Ақ жол" фракциясы мүшесі, депутат Қазыбек Иса "Қазақфильмге" қатысты мәселені көтерді.

"Мәдениет министрлігі өздерінің қателіктерінен шыққан дауды тезірек шешу орнына,  Президентке талай үндеу жасалып жатса да, соңғы үндеуден бері он күннен асса да,  министр түгілі, министрліктің бір өкілі де "Қазақфильмге" бас сұқпаған әлі... Бұл Мәдениетті қолдауға баса назар аударып отырған Президент Тоқаевтың Әділетті Қазақстан саясатына қарсы жасалып отырған саботаж емес пе?!.

Хатта жазылғандай, "Қазақфильм" киностудиясында да, Ұлттық киноны қолдау орталығында – бірде-бір кино саласының маманы жоқ. Бұл "ауруханада бір де бір дәрігер жоқ" дегенмен бірдей сұмдық жағдай емес пе?! Сонда біз Ұлттық киномыздың тағдырын кімдердің қолына тапсырып отырмыз?!" - деп ашынды ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар