Қайрат Сатыбалдыұлы онлайн режимде сотқа қосылды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Қайрат Сатыбалдыұлына қатысты негізгі сот талқылауы басталды. Ол қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастырды деп айыпталып отыр.
Айта кетейік, бұған дейін қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотқа қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру туралы іс түскен еді. Яғни Сатыбалдыұлына Қылмыстық кодекстің 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша айып тағылып отыр.
"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс қимыл агенттігінің деректері бойынша айыпталушы бұл ақшаға әртүрлі мүлік сатып алған және оны шетелдік банк шоттарына аударған", - деп жазылған деректерде.
2022 жылы наурызда Сатыбалдыұлы шетелге қашып бара жатқан жерінен ұсталған болатын.
Ал қыркүйекте Астана соты Қайрат Сатыбалдыұлын алты жылға бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, оның мүлкі тәркіленді және 10 жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. Сот барысында Сатыбалдыұлы "Қазақтелеком" және "Көлік сервис орталығы" компанияларына залалды өтеу ретінде ондаған миллиард теңге төлегені мәлімделді. Тараптар медиативтік келісім жасасты.
2023 жылы желтоқсанда Қайрат Сатыбалдыұлы 55 миллиард теңгеден аса ақшаны мемлекетке қайтарған болатын. Антикор Қайрат Сатыбалдыұлына және басқа да адамдарға қатысты жүргізіліп жатқан тергеу шеңберінде елден заңсыз шығарылған активтерді, оның ішінде қылмыстық жолмен алынған ақшаны және өзге де мүлікті қайтарып жатқанын хабарлаған болатын.
Биыл ақпанда Сатыбалдыұлына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары аясында бюджетке тағы да шамамен 82,6 миллиард теңге (185 млн АҚШ доллары) түсті. Одан бөлек Ақмола облысының Қосшы қаласындағы 942 гектар жер учаскесі мемлекетке қайтарылды. Оның нарықтағы құны 13 миллиард теңгеден асады.