Қарақыстақтағы атыс: Екі адам мерт болып, жеті ауыл тұрғыны қамауға алынды

Қарақыстақтағы атыс: Екі адам мерт болып, жеті ауыл тұрғыны қамауға алынды
КТК телеарнасы

Алматы облысының Жамбыл ауданына қарасты Қарақыстақ ауылында тұрғындар арасындағы жанжал қарулы қақтығысқа ұласты. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бір азамат пышақ жарақатын алған. Қылмысқа қатысы бар деген күдікпен жеті адам қамауға алынды, деп хабарлайды dalanews.kz.

КТК телеарнасының хабарлауынша, жанжал ауылдағы дүкендердің бірінің маңында басталған. Алдын ала мәлімет бойынша, төбелеске қатысушылар мас күйде болған. Кейін екі тарап та өз таныстарын көмекке шақырған.

Қаза тапқандардың бірі – 39 жастағы Бекболат есімді ауыл тұрғыны. Марқұмның туыстары оның бастапқы төбелеске қатыспағанын айтады. Олардың сөзінше, Бекболат көмек сұрап келген танысына араша түспек болған.

Куәгерлердің мәліметінше, біраз уақыттан кейін жүк көлігімен келген бір топ адам Бекболаттың үйінің алдына жиналған. Шабуыл жасағандар аулада тұрған көлікті зақымдап, қақпаға бірнеше рет оқ атқаннан кейін үйдің аумағына кірген. Сол уақытта баспанада марқұмның отбасы мүшелері болған.

Туыстары шабуылдаушылардың қолында аңшылық мылтық, тас және таяқ болғанын мәлімдеді. Атыс кезінде ауыр жарақат алған Бекболат көз жұмған. Ол ауылдағы спорт кешенінде қызмет еткен. Марқұмның артында жұбайы мен екі баласы қалды.

Оқиға кезінде тағы бір азамат қаза тапқан. Алайда оның жақындары журналистерге пікір білдіруден бас тартқан. Марқұмның кім атқан оқтан көз жұмғаны әзірге анықталған жоқ.

Алматы облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тұрғындар арасындағы жанжал дүкен маңында басталып, кейін үйлердің бірінің алдында жалғасқан.

"Жанжал барысында екі адам аңшылық мылтықтан жарақат алып, оқиға орнында қайтыс болды. Аталған фактілер бойынша адам өлтіру және бұзақылық баптарымен қылмыстық істер қозғалды", – деп хабарлады полиция өкілдері.

Қазіргі уақытта жеті күдікті қамауға алынып, істің барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Бекболаттың туыстары қақтығыс ушығып кетпей тұрып полицияға хабар бергендерін, алайда тәртіп сақшылары оқиға орнына дер кезінде келмегенін алға тартты. Осыған байланысты марқұмның жақындары прокуратураға арызданған.

Қаза тапқан азаматтардың туыстары істің объективті әрі жан-жақты тергеліп, кінәлілердің заң алдында жауап беруін талап етіп отыр.