Қарағанды облысында қарт әйелдерді алдап, ақшасын иемденіп келген алаяқтар тобы қолға түсті, деп хабарлайды Dala News.
Полиция мәліметінше, Теміртаудан шыққан күдіктілер үй телефондарына хабарласып, өздерін зейнеткерлердің ұлымыз деп таныстырған. Олар «сәлемдеме жеткізу үшін шұғыл ақша төлеу керек» деп сендіріп, қарттарды алдаған.
Сенгіш әжелер курьерлерге 320 мың теңгеден 4 миллион теңгеге дейінгі жинағын беріп отырған.
Қарағанды облыстық полиция департаментінің дерегінше, күдіктілерге қатысты қылмыстық істер қозғалды, олардың басқа да ұқсас қылмыстарға қатысы тексерілуде.
Зардап шеккендердің арасында 90 жастағы әйел де бар. Алаяқтар одан шамамен 2 миллион теңге алып кеткен.
Полицияның алдын ала мәліметі бойынша, ұсталған топтың кемінде тоғыз эпизодқа қатысы бар.
