Президент қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады

Президент қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Отбасы күнімен құттықтады. Президент өз құттықтауында отбасының қоғам мен мемлекеттің дамуындағы маңызды рөліне тоқталып, бала тәрбиесіне ерекше мән беру қажеттігін атап өтті, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, отбасы – ұлттың болмысын айқындайтын әрі мемлекет пен қоғамның дамуына тікелей ықпал ететін маңызды институт.

«Әр азаматтың дүниетанымы, адами қасиеттері қастерлі қара шаңырағында қалыптасады. Ана жүрегінің жылуы мен әкенің өрісті өнегесі әр адамды биік мақсаттарға жетелейді», – деді Мемлекет басшысы.

Президент үлкендердің даналығы мен өмірлік тәжірибесі жастарға бағыт-бағдар беретінін атап өтті. Оның пікірінше, отбасы арқылы салт-дәстүр мен ұлттық құндылықтар ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, халықтың мәдени және рухани тұтастығы нығая түседі.

Мемлекет басшысы 1 шілдеде заңды күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында неке мен отбасы, ана, әке және бала мемлекеттің қорғауында екені бекітілгеніне назар аударды. Сондай-ақ Ата Заңда балалардың құқығын қорғауға және әйел мен ананың отбасындағы рөлін күшейтуге басымдық берілгенін айтты.

Президент жаңа Конституцияда алғаш рет «неке – ер мен әйелдің мемлекет заңға сәйкес тіркеген ерікті және тең құқықты одағы» деген норма көрініс тапқанын атап өтті. Бұдан бөлек, биыл Отбасы мәселелері жөніндегі уәкіл институты құрылғанын жеткізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарау және өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына қолайлы жағдай жасау мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін айтты.

«Бұл – адам капиталын нығайтудың, яғни еліміздің әлеуетін арттырудың басты шарты», – деді Президент.

Мемлекет басшысы отансүйгіштік, заң мен тәртіпті сақтау, табиғатты аялау, қоғамдық орындарда тазалық сақтау және ұлттық дәстүрлерді құрметтеу сияқты құндылықтар ең алдымен отбасындағы тәрбие арқылы қалыптасатынын атап өтті.

«Бәріміз осы ортақ міндетке күш жұмылдырсақ, қоғамда өркениетті елдерге тән жаңа этика қалыптастырамыз», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент Қазақстанның жасампаз ұлт ретінде тарихи өрлеу дәуіріне сеніммен қадам басып келе жатқанын айтып, әр шаңырағы бақытты өмір сүретін Әділетті Қазақстанды бірге құруға болатынына сенім білдірді.

Сөз соңында Мемлекет басшысы барша қазақстандықтарға зор денсаулық пен толайым табыс тіледі.