Петропавлда жақында жөнделген бөгетті қайта нығайтуға 228 млн теңге бөлінді

Петропавлда жақында жөнделген бөгетті қайта нығайтуға 228 млн теңге бөлінді
Фото: ЖИ

Солтүстік Қазақстан облысының орталығы Петропавлда Ущев көшесі бойындағы бөгетті қайта нығайту жұмыстарына 228 миллион теңге бөлінді. Мемлекеттік сатып алу бір көзден тікелей шарт жасасу тәсілімен өткізілген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Тапсырыс беруші бұл шешімді төтенше жағдайлардың салдарын жою қажеттілігімен түсіндірген. Алайда аталған бөгетке бұған дейін де ауқымды жөндеу жүргізілген.

2025 жылдың қаңтарында тасқыннан кейін бөгетті қайта жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын екені хабарланған. Ол кезде жобаға шамамен 850 миллион теңге жұмсалған. Ал жаңа келісімшартты қоса есептегенде, бөгетке бөлінген қаржы көлемі 1 миллиард теңгеден асты.

Сонымен қатар мемлекеттік сатып алу құжаттарында тікелей келісімшарт жасаудың нақты негіздемесі көрсетілмеген. Ал мердігер ретінде соңғы он жыл бойы мемлекеттік сатып алуға қатыспаған ұйым таңдалған.