Бірінші, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның (бұдан әрі – Конституциялық заң) 28-бабы 3-тармағының талаптарына сәйкес эфир мен баспа алаңын берудің мөлшері, шарттары мен тәртібі туралы мәліметтерді тиісті бұқаралық ақпарат құралдары сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталғанға дейін бес күннен кешіктірмей (2020 жылғы 18 шілдеден кешіктірмей) хабарлануға және жариялауға, сондай-ақ Ортсайлаукомға ұсынуға тиіс. Бұқаралық ақпарат құралдары кандидаттардың үгіт материалдарын орналастыру, тарату үшін эфир уақытын, баспа алаңын және баспа алаңына ақы төлеу мөлшері, ұсыну шарттары мен тәртібі туралы мәліметтер жарияланғанға дейін ұсына алмайды.
Екінші, Конституциялық заңның 13-бабының 4-тармағына, сондай-ақ 2020 жылғы 12 тамызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттарының кезекті сайлауын әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес облыстық, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларының сайлау комиссияларының құрамдары 2020 жылғы 22 маусымнан кешіктірілмей бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануға тиіс.
Үшінші, сайлау алдындағы үгіт кандидаттарды тіркеу мерзімі аяқталған сәттен, яғни 2020 жылғы 23 шілдеде сағат 18.00-де басталады және 2020 жылғы 11 тамызда жергілікті уақыт бойынша нөл сағатта аяқталады.