"Отбасымды сақтап қалуға тырыстым": Қайын жұртын өлтірді деп айыпталған Сәрсемалиев сотта мәлімдеме жасады

"Отбасымды сақтап қалуға тырыстым": Қайын жұртын өлтірді деп айыпталған Сәрсемалиев сотта мәлімдеме жасады
ашық дереккөзден

Төрт адамды өлтірді деген басты күдікті – 29 жастағы Сұлтан Сәрсемалиев жасаған қылмысына ұзаққа созылған отбасылық жанжал мен психологиялық қысым себеп болғанын мәлімдеді. Tengrinews.kz тілшісі 18 мамырда Атырауда өткен атышулы іс бойынша алдын ала сот отырысынан мәлімет жеткізді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Алдын ала тыңдау барысында сотталушы өз мәлімдемесін жасап, төрт адамның өліміне әкелген жанжалға қатысты өз нұсқасын айтты. Еске салайық, Сұлтан Сәрсемалиев қаза тапқандардың күйеу баласы болған.

"Мен жасаған қылмыстарым үшін кез келген жауапкершілікке, қандай жаза тағайындалса да – өлім жазасы болсын немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру болсын – дайынмын. Менің барлық әрекетімнің басты себебі – маған және менің отбасыма қарсы жасалған, некемді бұзуға бағытталған қылмыстық әрекеттерге қасақана жауап беруім деп санаймын", – деді сотталушы.

Сәрсемалиевтің айтуынша, жанжал отбасылық келіспеушіліктер мен жұбайының туыстарының араласуынан басталған.

"Әйелім екеуміз 10 жыл бірге тұрдық. Егер арамызда күрделі келіспеушілік болғанда, бес баламыз болмас еді және сонша жыл бірге өмір сүрмес едік. Алайда әйелімнің отбасы біздің қарым-қатынасымызға шектен тыс әрі негізсіз араласып, мені жұбайыммен араздастырды", – деді айыпталушы.

Сәрсемалиев жанжалдарға қарамастан, әйелімен бірге өмір сүруді жалғастырғанын айтты. Алайда, оның сөзінше, жұбайының туыстары тарапынан қысым тоқтамаған.

"Олар балалар "менімен де, менің ата-анаммен де болмайды" деп айтты. Осы арқылы мені балаларымды пайдаланып, іс жүзінде бопсалады", – деді ол.

Айыпталушының айтуынша, жиналып қалған жағдайлар оны қатты эмоционалдық және психологиялық қажуға жеткізген.

"Мен балаларымды анасынан да, әкесінен де, туған әжесінен де айырғым келген жоқ. Алайда ақырында отбасымды сақтап қалуға жасаған барлық әрекетім сарқылды. Олардың әрекеттері мен сөздері, менің ойымша, мені өзімді ұстай алмайтын жағдайға жеткізді. Мен моральдық және психологиялық тұрғыдан әбден қажыдым, бұл менің адамдық қалпымды бұзды. Содан кейін осы қылмысты жасадым", – деді айыпталушы.

Бұған дейін сотта прокурор айыптау актісін оқып, оқиғаның мән-жайын егжей-тегжейлі баяндаған еді.