Тарқатып айтсақ, соңғы үш жылда 9 облысқа – Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан облыстары мен Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанды және Атырау облыстарына асқан 5627 түлектің 4698-і жоғары оқу орнына түссе, 929 талапкер колледждерде білімін жалғастырыпты. Яғни, 2014 жылы «Серпін-2050» бағдарламасы аясында жоғары оқу орындарына 1050 грант бөлініп, 540 талапкер оқуға түссе, 2015 жылы 5000 грант бөлініп, оның 2580-ін оңтүстікқазақстандық түлектер жеңіп алды. Ал 2016 жылы 3162 грант бөлініп, оның 1578 талапкері күнгейлік грант иегерлері болды.
Орта арнаулы оқу орындарды айтар болсақ 2014 жылы 1000 грант бөлініп, күнгейлік 326 жас оқуға түссе, 2015 жылы 34 колледжге 1200 грант бөлініп 359 талапкер білімін жалғастырды. Былтыр 31 колледжге 1000 грант бөлініп, өңірімізден 244 жас оқуға түсті.
Мамандардың мәліметінше, «Серпін-2050» бағдарламасы аясында 2017 жылға 5 мың гранд бөлінеді екен. Оның 4 мыңы жоғары оқу орындарына арналса, 1 мыңы колледждер үшін.
Осыған орай, 2017 жылдың басынан бері барлық аудан, қалаларда аталған бағдарламаны насихаттау аясында 80 кездесу өткізіліп, оған 8 мыңға жуық жас қатысқан. Сонымен бірге, таяуда өңірлердегі жас түлектер арасында үгіт-насихат жұмыстарын белсенді жүргізу, жіберуші өңірлерде әлеуметтік жобаны кеңінен ақпараттандырып, таныстыру мақсатында «Серпін күндері» өткізілді.
Оңтүстік аймақтардағы мектеп бітіруші түлектерге Солтүстік аймақтардағы жоғары және кәсіптік-техникалық білім беру мекемелерінде білім беруді насихаттауды іске асыру мақсатында 9 облыстағы (Солтүстік, Шығыс, Батыс Қазақстан облыстары, Ақтөбе, Ақмола, Қостанай, Павлодар, Қарағанда, Атырау облыстары) 22 жоғары оқу орнынан және 30 орта арнаулы оқу орнынан өкілдер келіп, облыстың барлық 14 аудан, қалаларында – 4 мың халықпен (ата-ана, ұстаздар, мектеп бітіруші түлектер) кездесу өткізді.
ОҚО әкімінің баспасөз қызметі