Қазақстанда IMEI нөмірлерді тексеру функциясын мемлекетке қайтару туралы петиция жарияланды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Азаматтар "ATS Mediafon KZ" ЖШС компаниясының мобильді құрылғылардың IMEI нөмірлерін верификациялау жөніндегі монополиясына алаңдаушылық білдірді. Петиция авторы - Әлихан Арманұлы.
Белсенділердің айтуынша, компания кейінгі екі жылда 15 миллионнан аса құрылғыны тіркеп, шамамен 60 млрд теңге табыс тапқан. Сонымен қатар, оның ресми сайты мен ашық есебі жоқ, ал серверлері шетелде орналасқан.
Петицияда "ATS Mediafon KZ" депутат Талғат Өтеубаев пен оның күйеу баласы Владислав Сафаровқа байланысты екені айтылады. Сонымен қатар, Сафаров бұған дейін Болат Назарбаевпен аффилирленген бизнес құрылымдарда жұмыс істегені де атап өтілген.
Қоғам IMEI нөмірлерді тіркеу және азаматтардың деректерін қорғау стратегиялық маңызы бар іс деп есептейді және бұл функцияны мемлекетке қайтаруды, сондай-ақ, компания қызметін аудиттен өткізуді талап етіп отыр.