“Олимп КДЗ” қанша салық төлейді? Журналист желідегі дауға түсініктеме берді

Қаракөз Амантай 02 ақп. 2026 09:28

Журналист Михаил Козачков Threads әлеуметтік желісінде тараған "Олимп КДЗ" медициналық ұйымының салық төлемдеріне қатысты сынға пікір білдірді. Оның айтуынша, желі қолданушылары ашық деректерді толық талдамай, жаңсақ қорытынды жасап отыр, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Козачковтың жазуынша, Threads-тағы кейбір авторлар, соның ішінде Атажан Ертасов, "Олимп КДЗ" кейінгі бес жылда бюджетке небәрі 500 миллион теңгеден аз салық төлегенін алға тартып, компанияны сынға алған. Бұл пікірді желіде басқа қолданушылар да қолдап, тіпті медициналық ұйымның төлемдерін кондитерлік желілермен салыстырған.

"Мұндай салыстырулар мүлде қисынсыз. Бұл – жылыны жұмсақпен салыстырғанмен бірдей", – деп жазады Михаил Козачков.

Журналистің айтуынша, сын айтқан авторлар бір маңызды жайтты ескермеген. "Олимп" брендімен жұмыс істейтін зертханалар желісінде 12 филиал бар, олардың әрқайсысы жеке заңды тұлға ретінде тіркелген және салықты жергілікті бюджетке төлейді.

"Иә, ашық деректерге сүйенсек, “Олимп КДЗ” ЖШС бес жылда 480 миллион теңге салық төлеген. Бірақ сол кезеңде желіге кіретін 12 филиалдың бюджетке аударған сомасы шамамен 2,5 миллиард теңгені құрайды. Демек, бүкіл желінің жиынтық төлемі 3 миллиард теңгеге жуық", – дейді ол.

Козачков медициналық ұйымдардың салықтық режиміне де тоқталады. Оның сөзінше, бұрынғы Салық кодексіне сәйкес, халыққа медициналық көмек көрсететін компаниялар корпоративтік табыс салығын (КТС) төлеуден босатылған.

"Мұның себебі қарапайым. Олар бизнес жасап қана қоймай, азаматтарды емдейді. Бұл – үкіметтің сол кездегі шешімі", – деп түсіндіреді журналист.

Алайда мұндай жеңілдіктің бір маңызды шарты бар. Ол – дивиденд төлемеу және табысты компанияның өз дамуына бағыттау.

"Олимп" соңғы бес жыл бойы дәл осылай жұмыс істеді. Түскен табыс жаңа ғимараттар мен заманауи жабдық алуға, сондай-ақ қызметкерлерді оқытуға жұмсалды", – дейді Козачков.

Оның айтуынша, осының арқасында компания диагностика нарығындағы ең ірі ойыншылардың біріне айналды. Бұл жағдай кейбір бәсекелестерге ұнамай отырған көрінеді.

Журналист сондай-ақ Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті соңғы екі жыл бойы "Олимпке" корпоративтік табыс салығына қатысты ірі тексеріс жүргізуге талпынғанын еске салады.

"Комитет зертханалар медициналық көмек көрсетпейді деген уәж келтірді. Бірақ Жоғарғы сот диагностиканың да емдеу процесінің бір бөлігі екенін нақтылады. Бұл – өте логикалық шешім, себебі диагнозсыз ем болмайды", – деп жазады ол.

Қорытындылай келе, Михаил Козачков бұл даудың артында бәсекелестік мүдде жатқанын жоққа шығармайды.

"Қазақстанда осындай мықты кәсіпорынның қалыптасқаны кейбіреулерге ұнамайтын сияқты. Ал бәсекелестер, белгілі болғандай, ұйықтамайды", – деп түйіндейді журналист.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove