Жобаның діттегені баспана мен жұмыс орны оңайшылықпен табыла қоймайтын өңірлерде тұратын көпбалалы отбасыларды Павлодар өңіріне қоныстандыру.
Жобаның әуелден-ақ сұранысқа ие болғанын мамыр айының басында Екібастұзға қоныс аударған 17 көпбалалы отбасыға қарап-ақ байқауға болады. Көмірдің отаны саналатын қалаға 100-ге тарта адам көшіп келген екен.
Олардың арасында сегіз баланы бағып отырған Алмагүл Жүсіпова да бар. Алмагүл балаларымен бірге Қызылорда өңірінен көшіп келіпті.
– Әуелде жайлы, жақсы өмір іздеп астанаға ауа көшкен едік. Бірақ қанша тырыссам да баспана мәселесі алдымнан кесе-көлденең шығып, қиындық туғызды. Жасым болса 38-ге келді. Балалардың алды есейді. Пәтер жалдаған өмірдің қайбір қызығы болсын. Осы себепті Павлодардан үш бөлмелі пәтер берелік, көшіп келіңіз дегенді естігенде бірден келісім бердім, – дейді ол.
Көпбалалы ана баспана мәселесін сиырқұйымшақтандырмай бірден-ақ шешіп берген облыс басшылығына дән риза.
– Балалардың алды мектепке барып жүр. Оқу жылы бітуге жақын. Астанадан асықпай аяқтасын деп шештім. Бұдан соң оларды бірден жаныма алдырамын. Nurly Ertis жобасының игілігін алғашқылардың бірі болып көрдік. Алғыстан басқа айтарым жоқ. Бұл жоба әлі талай отбасыға қол ұшын созарына сенімдімін, – дейді ол.
– Пәтерді мұнтаздай таза күйінде берді. Электр пеші де бар екен. Ас үйлері де кең. Көшіп-қонуымыз да қиындық туғызған жоқ. Оған да көмектесті. Бұдан бұрын үй жалдап, қожайынның қас-қабағына қарап еңсеміз түсетін еді. Ендігі жерде өз үйіміз, өлең төсегіміз бар. Үйсіз, күйсіз жүрміз деп уайымдамаймыз. Балаларымызға көңіл бөліп, олардың болашағын ойластырамыз. Мектеп те, балабақша да дәл іргемізде тұр, – дейді тағы бір көпбалалы ана Инара Есіркепова.
Облыстық әкімдік көшіп келген көпбалалы отбасыларды жұмыспен қамту мәселесін де қарастырып қойыпты. Олардың балаларын балабақша мен мектепке орналастыруда да қиындық тумайды дейді.
Облыстық әкімдіктің дерегінше, баспаналы болған көпбалалы отбасылар 5 жыл өткесін пәтерді жекеменшігіне өткізе алады.
Әзірге жалға алу құны тіптен арзан. Көпбалалы отбасыларға берілген пәтерлердің кеңдігі 78-80 шаршы метр болса, жалға алу құны шаршы метріне 99 теңгені құрайды екен. Бұл ай сайынғы жалға алу төлемі 7-8 мың теңгеге айналады деген сөз. Бұдан бөлек, Павлодар облысының әкімдігі көшіп келген отбасылардың балаларын мектеп формасымен және тегін тамақпен қамтуды өз мойнына алыпты. Балалардың барлығына және ата-анасына тегін жол жүру билеті де беріледі.
«Көшіп келгендерді мамандығы бойынша жұмысқа орналастырамыз. Екібастұз өндірісті қала. Екі қолға бір күрек табылады. Облыстағы аз қамтылған отбасыларды баспанамен қамтамасыз етуге 907,5 млн теңге қаражат бөлініп, Ақсу қаласында аталмыш санаттағы 70 отбасын баспанамен қамтуға мүмкіндік туды», – дейді облыстық Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының жетекшісі Қайрат Нұрмағамбетов.
Бұл ретте облыс әкімі Болат Бақауов жұртшылық арасында дұрыс түсіндіру жұмыстарын жүргізуді және облыста бос тұрған үйлерді анықтау үшін сараптама жасауды тапсырды.
– Пилоттық жоба аясында республикалық бюджеттен бөлінген қаражат есебінен Екібастұз қаласында баспана беріледі, – деді аймақ басшысы. – Себебі Екібастұзда мемлекеттік бағдарлама аясында салынған пәтердің бір шаршы метрі 140 мың теңге болған. Алайда бірде-бір пәтер сатылмады. Бұдан кейін 100 мың теңгеге дейін түсірген күннің өзінде сұрақтар болды.
Сондықтан үкімет деңгейінде еңбек күші артық өңірлерден және Нұр-Сұлтан қаласынан жағдайы қиын отбасыларға көмек көрсету мақсатында Павлодар облысы бойынша пилоттық жоба қабылданды.
Бұл жерде аймақтың демографиялық жағдайы да ескерілгенін атап өткен жөн. Әлеуметтік желідегі қазақтілді аудитория аталған үрдісті оң бағалауда. «Nurly Ertis бағдарламасының Павлодар өңірін қазақтандыруға көп көмегі тиері анық. Көшіп келушілерге лайықты жасалғаны жөн.
Мұндай жағдайда еліміздің оңтүстік өңірлерінен келетіндердің үлесі өседі. Бұл өз кезегінде Екібастұз ғана емес, жалпы Павлодар өңіріндегі демографиялық ахуалға оң септігін тигізері сөзсіз» дейді желідегі жұрт.