Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Вашингтонда Еуразиялық экономикалық одақтың «экономикалық жоба ғана» екенін және Кеңес Одағын қалпына келтіруді көздемейтінін айтты.
АҚШ астанасындағы ядролық қауіпсіздік саммитіне қатысуға келген Назарбаев бұл сөздерін америкалық қоғам қайраткерлерімен кездескенде айтты. Назарбаевтың сөзінше,«Еуразиялық аймақ әлемдік саясаттағы шешуші геосаяси және геоэкономикалық фактор боп табылады».
— Бұл экономикалық одақ (ЕАЭО) тауарлар, қызмет және еңбек ресурстарының қозғалысына қатысты бірыңғай тәртіпке ие. Ешқандай КСРО-ны қайта қалпына келтіру туралы сөз жоқ. "Қырғи-қабақ соғысының" мұндай сарқыншақтарынан арылу керек. Олар болашаққа қарауға кедергі келтіреді. Еуразиялық экономикалық одақ – бұл небәрі экономикалық жоба ғана, — деді Назарбаев.
Ресей басшылық ететін ЕАЭО құрамына Қазақстаннан бөлек, Армения, Беларусь және Қырғызстан кіреді.