Тараптар күн тәртібінде мониторингтік топтардың жұмысын ұйымдастыру, олардың нақты қызметін анықтау, құқықтық мәртебе беру мәселелері талқыланды.
Алматы қаласы бойынша «Қоғамдық бақылау» қоғамдық бастамасының белсендісі Саида Тауекелованың айтуынша, дәріханаларды тексеріп, гуманитарлық жүктерді діттеген жеріне жеткізуге көмектескенде және медициналық ұйымдарға рейд барысында құқықтық сипаттағы мәселелер жиі туындайтынын алға тартты.
– Әрбір мониторингтік топтың нақты қызметін белгілеп, еріктілерге куәлік, жадынама мен тану белгілерін беру керек, түскен ақпаратты өңдеп, оны шешім қабылдау үшін тиісті инстанцияларға беру қажет, – деді еріктілер қозғалысының көшбасшысы.
«Қоғамдық бақылаудың» республикалық үйлестірушісі Лима Диастың пікірінше, жұмысты бір жүйеге қойып, ең бастысы дәрігерлердің қызметіне кедергі келтірмей, мамандар мен пациенттердің денсаулығына қауіп төндірмеу қажет. Еріктілерге қатаң санитарлық режимдегі мекемелерге, инфекциялық стационарларға кіруіне рұқсат ету керек.
Ол барлық облыста еріктілер қозғалысының үйлестіру орталығы құрылғанын хабарлады. Ауруханаларға келген гуманитарлық жүктерді бірге жеткізу бойынша мониторинг жүргізгенін, дәрі-дәрмектің бар-жоғы анықтау үшін дәріханаларға тексеру жүргізілгенін, медициналық ұйымдарға бару жоспарлануда екенін айтты. Өз кезегенде депутат Ирина Смирнова қоғамдық топтар азаматтардың денсаулығын қорғау ісіне баға жетпес үлес қосып, дәріханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде үлкен қадамдар жасап отыр деп есептейді.
Ал Қостанай облысы Денсаулық сақтау басқармасының өкілі Ксения Жылқыбаева жұқпалы және провизиорлық стационарлардың медицина қызметкерлері қоғамдық бақылау жұмысынан қауіптенгенін жеткізді.
– Еріктілердің игі ниеті инфекция өршіп тұрған қауіпті ауруханаларға бақылаусыз саяхатқа айналмауы тиіс, – деді ол дәрігерлердің атынан.
Қоғамдық бақылаудың негізгі міндеті ауруханалар мен дәріханалардың жұмысына кедергі жасау емес, жағдайға эмоциясыз объективті баға беру екені белгілі.
– Біз үшін кері байланыстың болғаны, БАҚ-та, әлеуметтік желілерде жағдайды жариялау өте маңызды. Біздің қызметіміз КВИ шалдыққан адамдардың мұң-мұқтажына бағытталған, олар толық медициналық көмек алады, – деді Нұр-Сұлтан қаласы бойынша қозғалыс белсенділерінің бірі Вера Ким.
– Денсаулық сақтау министрлігінің келісімі мен регламент болса, КВИ шалдыққан науқастар емделіп жатқан медициналық ұйымдарға баруды жоспарлаймыз. Жақын арада еріктілердің жұмысына арналған меморандум – құқықтық база, еріктілерге арналған жадынама және мақсатты мониторингтік топтардың регламенті әзірленеді. Біз Денсаулық сақтау министрлігі мен жергілікті атқарушы органдарды, атап айтқанда, Денсаулық сақтау басқармасының қолдауына үміттенеміз, – деп түйіндеді белсенділер.
Министр барлық тараптың пікірлерін тыңдап, «Қоғамдық бақылау» мүшелерінен келіп түсетін ақпаратпен нақты жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті, бұл жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен жүйелі мәселелерді шешуге мүмкіндік береді.
– КВИ қарсы бірге күресуіміз керек. Біздің міндетіміз – дұрыс денсаулық сақтау жүйесін құру. Жергілікті жерлер салғырттық танытпауы тиіс, сонымен бірге дәрігерлерді қолдап, қамқорлық көрсетуге міндеттіміз. Пациенттерге келетін болсақ, егер заңсыз жағдайлар болса немесе көмек көрсету стандарттарына сәйкес келмесе, оның себептерін анықтау керек. Дәрігерлер мен пациенттердің ар-намысы мен абыройы қорғалуы тиіс, – деді Денсаулық сақтау министрі. Сонымен қатар «Еріктілер қауіпсіздік шаралар мен санитарлық нормаларды сақтауы қажет. Олар міндетті түрде қатаң нұсқамадан өтуі тиіс. Өйткені инфекцияны жұқтыру қаупі үлкен. Сондықтан стационарлардың қатаң талаптарын сақтау өте маңызды» деп атап өтті А.Цой.
Оның айтуынша, егер заң бұзылса, шағымдар белгілі бір нормаларды сақтай отырып рәсімделу қажет. «Заң бұзуға болмайды. Денсаулық сақтау министрлігі оны тұрақты бақылауда ұстайды және қадағалайды» деді министр.
Еріктілер қозғалысының мүшесі Бибінұр Шералиева министрге бірқатар ұсыныс айтты, мәселен, жұмысы тоқтап тұрған медициналық жабдықтарды қайта бөлу, сондай-ақ эпидемия кезінде пациенттерге психологиялық қолдау көрсету.
Денсаулық сақтау министрі барлық ұсынысты мұқият тыңдап, медициналық көмек сапасын арттыру және медициналық ұйымдардың жұмысын жақсарту үшін «Қоғамдық бақылау» белсенділеріне жан-жақты қолдау көрсетуге дайын екендігін білдірді.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Баспасөз қызметі