Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының (ӘМСҚ) басшысы Айдын Құлсейітов мониторингтің жаңа жүйесі енгізілгеннен кейінгі алғашқы нәтижелерді мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оның айтуынша, көрсетілген қызметтер бойынша төлемге жіберілген бұзушылықтарды автоматтандырылған түрде анықтау сенімділігі айтарлықтай артқан. Бұрын ақаулардың жартысынан көбін сарапшылар қолмен тіркесе, енді олардың басым бөлігі ақпараттық жүйе арқылы анықталады.
"Енді алғаш рет "жалған көрсеткіштер" (қызмет көрсету фактілерін қолдан жазу) автоматты режимде тіркеліп отыр. Мониторинг процесінің ашықтығы мен есептілігінің артуы қызмет көрсетушілердің тәртібін нығайтты: жалған көрсеткіштердің саны бірнеше есе азайды", – деді Құлсейітов Үкімет отырысында.
Қор басшысы алгоритмдерді үздіксіз жетілдіру арқылы бұзушылықтарды толық әрі нақты анықтау мүмкіндігі күшейіп келе жатқанын атап өтті.
"Бақылау сапасын арттыру үшін талдау тетіктерін тұрақты түрде жетілдіру қажет. Мәселен, қыркүйек айында үш жаңа формалды-логикалық бақылау енгізу арқылы 502 млн теңгеге бұзушылық анықталды", – деп нақтылады ӘМСҚ басшысы.
Қор дерегінше, жаңа жүйе іске қосылғаннан бері жалған көрсеткіштерді анықтау деңгейі былтырғы жылмен салыстырғанда 19 есеге артқан, ал олардың нақты саны 17 есеге қысқарған. Бұл, басшының айтуынша, халыққа көрсетілетін медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігіне тікелей әсер етеді.
Айдын Құлсейітовтың сөзінше, цифрлық бақылау алғашқы нәтижесін беріп үлгерген. Егер маусым айында пилоттық кезеңде медициналық ұйымдардың 44%-ында жалған көрсеткіштер тіркелсе, тамызға қарай бұл көрсеткіш 18%-ға дейін төмендеген.
Әсіресе ірі бұзушылықтар бойынша нәтижелер айқын байқалады: 200 АЕК-тен (2025 жылы – 786 400 теңге) асатын жалған көрсеткіштері бар медициналық ұйымдардың саны 43-тен нөлге дейін азайған.