Әлеуметтік желіде Ақтауда күйеуі аяусыз соққыға жыққанын айтқан Өзбекстан азаматы құжаттары болмағандықтан, арнайы мекемеге орналастырылғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Бұл ақпаратты Human Rights Lawyers қоғамдық қорының жетекшісі Ләззат Рақышева жариялады.
"Күйеуім ұрып-соғып, шашымды қырып, тістерімді сындырып тастады. Құжаттарымды тартып алды. 2 балам бар, күйеуім мені қорлап ұстап келеді", - деп жазылған ол жариялаған мәліметте.
Маңғыстау облысы полициясының мәліметінше, әйелге дене жарақатын келтіру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Оқиғаға қатысушылар Өзбекстан Республикасының азаматтары екені анықталды. Тексеріс барысында ер адам мен әйел Қазақстан аумағында жеке басын куәландыратын құжаттарсыз жүргені, сондай-ақ, елде болу заңдылығын растайтын құжаттары жоқ екені белгілі болды. Ер адамға қатысты Қазақстанның көші-қон заңнамасына сәйкес шаралар қабылданды. Қазір оның жеке басын анықтау және ел аумағында одан әрі болуына қатысты мәселені шешу үшін қабылдау-тарату орнына орналастырылды. Әйел тұрғылықты жерінде. Оған қатысты да көші-қон заңнамасы аясында тексеріс жүргізіліп жатыр", - деп жазылған полицияның хабарламасында.