Freedom Inside '26

"Күйеуі ауырмайды, көлігі бар": Министр сәбиімен курьер болған анаға қатысты дерек айтты

"Күйеуі ауырмайды, көлігі бар": Министр сәбиімен курьер болған анаға қатысты дерек айтты
Dalanews.kz коллажы

Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқар Ертаев баласын арқалап, курьер болып жұмыс істеген әйелге қатысты жаңа мәліметтерді айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Министрдің сөзінше, жас отбасы Астанаға көшіп келген. Әйелдің жолдасының жоғары білімі бар, бірақ әзірге тұрақты жұмысы жоқ. Ал курьер болып жүрген келіншек техникалық орта білім алған.

Асқар Ертаев бұған дейін тараған "күйеуі ауырып жатыр" деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

"Күйеуі ауырып жатқан жоқ. 2 миллион теңге кредиті бар, автокөлігі бар. Шымкентте олар жақсы өмір сүрген. Туған ағасы ломбард саласында жұмыс істейді. Ата-анасының да жағдайы жаман емес", – деді министр.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта әйелдің жұбайына Мансап орталығы арқылы бірнеше бос жұмыс орны ұсынылған.

Сондай-ақ министр сәбиімен бірге жүрген әйелді курьер ретінде жұмысқа алған компанияға қатысты да сұрақтар бар екенін айтты. Оның сөзінше, бұл жағдайдың мән-жайы қосымша тексеріледі.

"Иә, ол шынымен курьер ретінде тіркелген. Бірақ бізде ол жұмыс істеген компанияға қатысты сұрақтар бар. Жұмысқа шығар алдында қандай нұсқаулық берілді, оны баламен қалай жұмысқа шығарған? Қазір жұмыспен қамту платформасы уақыт сұрады. Олардың жауабын күтіп отырмыз. Келесі аптада диалогты жалғастырамыз", – деді Асқар Ертаев.