Куәлігін ауыстырмақ болған қазақстандық күтпеген жайтқа тап болды

Куәлігін ауыстырмақ болған қазақстандық күтпеген жайтқа тап болды
ашық дереккөз

Абай облысының тұрғыны жүргізуші куәлігін ауыстырмақ болып, күтпеген жерден психиатриялық есепте тұрғанын анықтаған. Ер адам бұл туралы мемлекеттік қызметтер порталы арқылы құжат рәсімдеу кезінде білген, деп хабарлайды dalanews.kz.

Осыдан кейін ол аурухана мен денсаулық сақтау басқармасын сотқа беріп, өзін психиатриялық есепке қоюды заңсыз деп тануды және Ұлттық психикалық аурулар тіркелімінен мәліметтерін өшіруді талап етті.

Соттың өңірлік баспасөз қызметінің мәліметінше, медициналық мекеме комиссиясы азаматтың деректері тіркелімге қате енгізілген деген қорытындыға келген.

– Комиссия қорытындысы бойынша, адам толыққанды медициналық тексерусіз және диспансерлік бақылау тәртібін бұза отырып есепке қойылған, – деп хабарлады соттың баспасөз қызметі.

Алайда медициналық мекеме қатені анықтағанымен, жүйеден жазбаны бірден өшіру мүмкін болмаған. Өйткені уәкілетті орган аурухананың өтінішін қараусыз қалдырған.

Сот барысында талапкердің амбулаториялық картасы сақтау мерзімі өтуіне байланысты жойылғаны да белгілі болды. Бірақ картаның жойылғанын растайтын акт ұсынылмаған.

Өз кезегінде денсаулық сақтау басқармасы азаматтың деректерін өшіру үшін дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтуі қажет екенін айтқан. Алайда сот бұл уәжбен келіспеді.

– Жауапкерлер ер адамның психиатриялық көмекке өз еркімен жүгінгенін, тиісті медициналық тексеруден өткенін, клиникалық бақылауда болғанын немесе мұндай көмек көрсетуге келісім бергенін дәлелдей алмады, – делінген сот ақпаратында.

Нәтижесінде сот талап арызды қанағаттандырып, аурухана мен денсаулық сақтау басқармасына азамат туралы мәліметтерді Ұлттық психикалық аурулар тіркелімінен алып тастауды міндеттеді.