Қазақстанда республикалық маңызы бар бірқатар ақылы автожол учаскелерінде жол жамылғысынан анықталған ақауларға байланысты жолақы алу уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ресми мәліметке сәйкес, бұл шара 14 ақылы жол учаскесіне қатысты. Ақау анықталған жол бөліктерінің жалпы аумағы шамамен 1,1 млн шаршы метрді құрайды. Көрсетілген учаскелерде жолақы толық қалпына келтіру жұмыстары аяқталғанға дейін алынбайды.
Төлемді уақытша тоқтату 2026 жылғы 29 қаңтардан бастап күшіне енді. Жолдағы кемшіліктерді жою жұмыстары ауа райы қолайлы болған кезде, биылғы жол-құрылыс маусымында басталады деп жоспарланған.
Жол жамылғысындағы ақауларға байланысты ақы мөлшері өзгертілген ақылы автожол учаскелерінің тізімі:
- Көкшетау – Петропавл
- Павлодар – Семей – Қалбатау
- Павлодар – Омбы
- Астана – Теміртау
- Алматы – Қонаев
- Қонаев – Талдықорған
- Шымкент – Қызылорда
- Орал – Самара
- Орал – Саратов
- Астана – Павлодар
- Қызылорда – Арал
- Ақтөбе – Орынбор
- Қостанай – Троицк
- Тараз – Қайнар
Құзырлы органдардың мәліметінше, жол жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ғана бұл учаскелерде жолақы алу қайта жанданады.
