Ресейдің Камчатка түбегінде соңғы 70 жылда болмаған, магнитудасы 8,8 балға жеткен аса күшті жер сілкінісі кезінде Петропавл-Камчатский қаласындағы онкологиялық диспансердің дәрігерлері науқасқа операция жасап жатқан еді.
Дәрігерлер жұмысты үзбей, операцияны сәтті аяқтап шықты. Осы операцияны жүргізген дәрігерлердің бірі, онколог Любовь Цыплакова оқиға барысын және наркоздан оянған пациенттің реакциясын ресейлік РБК агенттігіне баяндап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жер сілкінісі басталған сәтте дәрігерлер пациентке ота жасап жатқанына бір сағаттан асқан еді. Бұл кезде операцияның негізгі әрі күрделі бөлігі аяқталып, ісік толық алынған. Қатты дүмпулер басталғанда, дәрігерлер сабыр сақтап, операцияны жалғастыруға бел байлаған.
«Бізде ешқандай дүрбелең болған жоқ. Ісікті алып болғанбыз, енді операцияны соңына дейін жеткізу керек деп шештік. Негізгі жұмыстың бәрі бітіп, жарты сағаттық жұмыс ғана қалған болатын», – дейді дәрігер Цыплакова.
Дәрігердің айтуынша, ұжымның бірлігі мен кәсібилігінің арқасында операцияны қиын жағдайда жалғастыру мүмкін болған.
«Біздің ұжым бұл сәтте ерекше бірлік танытты. Құмырсқалар өз илеуінде қалай жұмыс істейтін болса, біз де солай, әркім өз міндетін білді. Біріміз аспаптарды ұстадық, біріміз пациентті қадағаладық, енді біріміз аппараттың жұмысын бақылауда ұстадық», – деп еске алады онколог.
Цыплакованың айтуынша, осы операцияға жауапты анестезиолог маман науқастың тыныс алуы мен препараттың үздіксіз берілуін ерекше қадағалап тұрған.
«Анестезиолог науқасты жіті бақылап, препараттар мен құрылғылардың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз етті. Пациенттің тынысы қалыпты, жағдайы тұрақты болуы үшін бар күшін салды», – дейді дәрігер.
Дәрігерлердің айтуынша, операция кезінде ешқандай үрей байқалмаған. Өйткені бұл жергілікті медицина қызметкерлері үшін алғашқы жер сілкінісі емес. Бірақ бұл жолғы табиғи апат бұрынғылардан әлдеқайда күшті болған.
«Шынын айтқанда, қорқыныш операция біткен соң ғана сезіле бастады. Бұл, бәлкім, оқиғадан кейінгі психологиялық реакция шығар», – дейді Цыплакова.
Операциядан соң пациент те есін жиып, оған жер сілкінісі болғаны туралы айтылған.
«Пациенттің жағдайы бәрінен жақсы болды. Оған бүгін ғана жер сілкінісі кезінде операцияда болғанын айтқан кезде, ол сенер-сенбесін білмеді. Біреу қалжыңдап: «Сіз ол кезде ұйықтап жаттыңыз ғой, бәрі түсіңізде болған», – деді. Ол бастапқыда шынымен таң қалып, кейін мән-жайды түсінген соң қалыпты қабылдады», – деп баяндайды дәрігер.
Дәрігердің айтуынша, бұл оқиға туралы алдын-ала ешқандай ескерту болмаған. Алайда диспансерде төтенше жағдайлар кезінде әрекет ету бойынша нұсқаулықтар үнемі өткізіліп тұрады екен. Ғимарат ішінде «Қауіпсіз орын» деп жазылған арнайы белгілер орнатылған.
Камчатка өңірінің губернаторы Владимир Солодов осы оқиғаға байланысты операцияны тоқтатпай жалғастырған дәрігерлерге мемлекеттік награда тағайындау туралы тапсырма берген.
Ресей Ғылым Академиясының Геофизика қызметінің Камчаткадағы филиалының мәліметі бойынша, 30 шілдеде болған бұл жер сілкінісі 1952 жылдан бері аймақта тіркелген ең ірі сейсмикалық оқиға. Губернатор Владимир Солодов магнитуданың 8,8 балға жеткенін, бұл – аспаптық бақылау кезеңіндегі ең қуатты жер сілкінісі екенін мәлімдеді. Жер сілкінісі салдарынан Авача шығанағы жағалауында цунами қаупі жарияланды.
Осыған ұқсас магнитудасы 7,9 балдық жер сілкінісі Солтүстік Курильск ауданында да тіркелген. Сахалин облысының губернаторы Валерий Лимаренко бұл аймақта да цунами қаупі жарияланғанын хабарлаған.
Петропавл-Камчатский қаласында жер сілкінісінен кейін №15 балабақшаның ғимараты зардап шекті. Абырой болғанда, ғимарат жөндеу жұмыстарына байланысты жабық болып, ішінде бала болмаған. Сондай-ақ, қызметкерлер арасында зардап шеккендер жоқ.
Қазір Камчатка өңірінде төтенше жағдай салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр.