Жетісудың жас жігіті өртке оранған үйден 3 баланы құтқарды

Dalanews 20 мау. 2019 02:56 836

Алматы облысына қарасты Ескелді ауданының орталығы Қарабұлақ ауылында Амангелді көшесінде орналасқан үйден өрт шықты. Өртке оранған жеке тұрғын үйде 3 бірдей бүлдіршін болған. Үйден шыққан түтінді көрген 25 жастағы Алмас Рыйзабеков ойланбастан ішке бас қойып, тілсіз жау құшағынан үш баланы аман алып шыққан.

Өрт қысқа толқынды тоқтардың тұйықталуынан болған. Ата-ана қарауынсыз қалған 2017 жылы туылған Тарасова София, 2012 жылы туылған Тарасов Леонид және  2005 жылы туылған Евнина Анастасия өрт жалынынан шыға алмай қалған.

Осы сәтте жұмысқа бара жатқан жігіт түтіндеп жатқан үй ішінен бала дауысын ести сала, өрт сөндірушілерге хабарласып, өзі еш мүдірместен аяғымен үй терезесін шағып кірген.

– Бала дауысын ести сала көмекке жүгірдім. Қара түтіннен есікті таппаған соң терезені шағып кірдім. Ең бірінші ең кішкентай қызды, одан соң екінші қызды шығардым. Аяғыма кірген терезе әйнегінен аяғымды баса алмай қалдым. Үлкен қыз өзі есік жаққа келгенде қолынан тартып алдым, – дейді ерлік иесі Алмас Рыйзабеков.

Өрт сөндірушілер оқыс оқиға болған жерге жетіп, өртті 14 минут ішінде сөндірді. Балаларды құтқару барысында Алмас Рыйзабеков оң тізесінен жарақаттанып, аудандық ауруханаға жеткізілді. Қазір Алмастың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. Өрттен аман қалған балалар туыстарына тапсырылды. Балалардың әкесі мен анасының Алмасқа айтар алғыстары шексіз.

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар