Жетісудағы Дауылбай қорғанынан алтын әшекейлер мен көне жәдігерлер табылды

Көркем Алдабергенова 21 қар. 2025 11:12

Жетісудағы Дауылбай қорғанынан алтын әшекейлер мен көне жәдігерлер табылды, деп хабарлайды Dalanews.kz Vestnik19.kz сайтына сілтеме жасап.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметінше, 2023–2024 жылдары тарих ғылымдарының докторы Д. Байғұнаковтың жетекшілігімен Дауылбай қорғанында далалық археологиялық зерттеулер жүргізілген. Қазба жұмыстарының нәтижесінде алтын бұйымдардың сынықтары, алтын моншақтар, алтын сырғалар, сүйектен жасалған түймелер, қола түйреуіштер, айылбастар және өзге де қола заттар, сондай-ақ керамикалық ыдыстар табылған. Қазіргі уақытта барлық артефактілер М.Тынышпаев атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақтаулы.

Жуырда «Ғылыми-эксперименттік қолданбалы археология» ЖШС мамандары осы жәдігерлерді қалпына келтіру жұмыстарын жүргізді. Реставрация барысында металл бұйымдардағы коррозия мен тотығу іздері мұқият тазартылып, керамикалық және сүйектен жасалған заттардың бөлшектері қалпына келтірілді.

Ведомство таратқан ақпаратта былай делінген:

«Бұл артефактілер – көне дәуірлердің тұрмыс-тіршілігін, наным-сенімдерін, өнерін және мәдениетін танытатын баға жетпес мұра. Олар – өткеннің бір бөлігі ғана емес, бүгінгі ұрпаққа жеткен рухани жылнама. Жақын уақытта құнды жәдігерлер музей экспозициясынан орын алып, келушілерге көрсетілетін болады».

Дауылбай жотасы отандық археологтар үшін әлі толық зерттелмеген аумақ саналады, бірақ ол талай тарихи құпияны жасырған. Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының қызметкерлері 100 шаршы шақырымнан асатын зерттелген аумақта 190-нан астам археологиялық нысанды тіркеген. Олардың қатарында 20-дан астам жартас суреттері шоғыры, 20-дан астам ежелгі қоныс пен тұрақ, сондай-ақ қола дәуірінен жаңа заманға дейінгі 150-ге жуық қорым кешендері бар.

Бұл аймақтың ерекшелігі осында элиталық жерлеу кешендеріне жататын қорғандық құрылымдардың кездесуі. Бұл болашақта ғылымға жаңа жаңалықтар мен күтпеген сенсациялар әкелуі мүмкін екенін көрсетеді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар