Марат Жыланбаевтың адвокаты Мейіржан Досқараевтың үстінен іс қозғалған. Бұл туралы адвокат әлеуметтік желіде мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Маған қатысты "жалған ақпарат тарату" бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабы 3-бөлігі бойынша әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама толтырылды", – деді адвокат TikTok желісінде.
Мейіржан Досқараевтың пікірінше, бұл - адвокаттық қызметіне жасалып жатқан саяси қысым. Оның айтуынша, Марат Жыланбаевқа барған сайын ол берген хат, шағым мен өтініштерді сыртқа шығармай алып қалатын көрінеді.
"Адвокат ретіндегі құқығым шектеулі. Билік адам құқықтарының бұзылуына жауап берудің орнына, адвокатты қудалап, ауызымды жапқысы келеді. Бұл Марат Жыланбаевты қорғау құқығынан, ал халықты шындықты білу құқығынан айыруға бағытталған. Мен өз жұмысымды жалғастырамын. Мен Маратты қорғаймын және оның жағдайы туралы жұртшылықты одан әрі хабардар етемін. Күрес аяқталған жоқ", – деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін марафоншы, қазір түрмеде отырған Марат Жыланбаевқа Степногорскідегі түзету мекемесінде қысым көрсетіліп жатқаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы оның адвокаты Мейіржан Досқараев мәлімдеді.