Жастарды әскерге көшеден күштеп әкетіп жатыр: Қорғаныс министрлігі не дейді?

Қаракөз Амантай 05 мау. 2025 12:29

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Бас штаб бастығы Сұлтан Қамалетдинов әскерге шақырылушыларды көшеден “ұстау” жағдайларына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналистер әскери қызметкерлердің кейде жастарды көшеде күштеп әкетіп жатқанын айтып, мұндай әрекеттердің заңдылығын сұрады.

“Өкінішке қарай, ондай фактілер бар. Бұл, әрине, жол беруге болмайтын нәрсе. Бірақ айта кететін жайт – президент заң мен тәртіпті айқындап берді. Конституцияның 36-бабында бұл ерікті таңдау емес, азаматтың міндеті және борышы деп жазылған. Яғни, ол оны орындауға тиіс. Ал егер орындамаса, заң сол азаматқа да қолданылады”, – деп жауап берді Сұлтан Қамалетдинов.

Сондай-ақ ол өзінің қызмет атқару кезеңінде әскерге шақырылушыларды күштеп әкеткендерге қатысты ешкімнің жауапкершілікке тартылмағанын атап өтті. Бірақ егер азаматтар өз құқықтарының бұзылғанын сезінсе, сотқа шағымдануға құқылы екенін айтты.

Еске салайық, бұған дейін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жарлығы бойынша 2025 жылы 42 098 азаматты әскери қызметке шақыру туралы шешім қабылданған еді.

“Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының әкімдеріне заңнамада белгіленген тәртіппен:

1. шақыру комиссияларының жұмысын ұйымдастырып, 2025 жылдың наурыз-маусым және қыркүйек-желтоқсан айларында 18-27 жас аралығындағы, әскерге шақырудан босатуға немесе кейінге қалдыруға құқығы жоқ ер азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды қамтамасыз ету;

2. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, әскери шақыру пункттерін медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастыру жүктелсін”, – делінген Үкіметтің жарлықты іске асыру жөніндегі қаулысында.

Ішкі істер министрлігіне әскерге шақырылушыларды жинау және әскерге жіберу орындарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлерінің күшейтілген кезекшілігін ұйымдастыру тапсырылды.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Көлік министрлігіне әскери қызметін өтеп болған азаматтарды запасқа шығару және мерзімді әскери қызметке шақырылғандарды Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері, Ішкі істер министрлігі, Төтенше жағдайлар министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Мемлекеттік күзет қызметі бөлімшелеріне тасымалдауды қамтамасыз ету жүктелді.

Қорғаныс, Ішкі істер, Төтенше жағдайлар министрліктеріне әскерге шақырылғандар мен запасқа шығарылған сарбаздарды тасымалдауға кеткен шығындарды республикалық бюджеттен бөлінген қаражат шеңберінде тасымалдау қызметін көрсететін ұйымдарға тікелей өтеу міндеттелді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар