"Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс" - Тоқаев

Сағыныш Сардарова 25 мау. 2025 16:26

Президент – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев XI халықаралық "Айбын" әскери-патриоттық жастар жиынының ашылу рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Слет қос атаулы датаға – Ұлы Жеңістің 80 жылдығына және қазақ халқының батыр қызы Әлия Молдағұлованың 100 жылдық мерейтойына арналады.

Президенттің айтуынша, қазіргі құбылмалы, бұлыңғыр заманда біз осы тарихи ақиқатқа адал болуымыз керек, зұлмат соғыстың қасіретті сабағын ұмытпауымыз қажет.

"Жастар бейбіт заманның қадірін түсінуге тиіс. Жыл өткен сайын жаһандық шиеленістер өршіп, мемлекеттер арасында қақтығыстар жиілегенін көріп отырсыздар. Қазіргі аса күрделі уақытта елдеріміз арасындағы түсіністік, өзара сенім мен келісім өте маңызды рөл атқарады. Бүгінгі жарыстар біздің шетелдермен көпжақты байланыстарымызды кеңейтуге үлес қосады", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы әскер қатарында болу абыройлы міндет екенін атап өтіп, еліміз өскелең ұрпақтың әскери-патриоттық тәрбиесіне баса мән беретінін жеткізді.

"Қуатты Армия – тәуелсіздік тірегі, қарқынды даму кепілі. Бүгін сапта тұрған сарбаздар – нағыз отаншыл, батыл, мықты азаматтар. Қазақстан Армиясының келешегі сіздердің қолдарыңызда! Әділетті және Қауіпсіз Қазақстанды құратын да сіздер. Мен Жоғарғы Бас қолбасшы ретінде еліміздің білімді, адал, озық жастарына сенемін! Алдағы күндері сіздердің қаншалық күшті әрі епті екендеріңіз сыналады. Әскери қызметтің қандай болатынын сезініп, заманауи армияның озық технологияларымен танысасыздар. Нағыз жауынгер табанды еңбек, қатаң тәртіп пен жауапкершілік қана жеңіске жеткізетінін біледі. Тактикалық ойындар кезінде сіздерге батылдық қажет болады. Командамен ұйымдаса әрекет ету, бір-біріңе көмектесу талап етіледі. Бүгін осы жиында Қазақстанның намысын "Жас сарбаз" әскери-патриоттық қозғалысының ең үздік мүшелері қорғайды. Жастарымыз жарысқа лайықты деңгейде қатысып қана қоймай, өздерін осы елдің қонақжай әрі кеңпейіл иесі ретінде көрсететініне сенімдімін. Осы жиыннан жаңа дағды үйреніп, адал дос тауып, керемет әсермен оралуларыңызға тілектеспін. Баршаңызға сәттілік тілеймін!" – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар