Міне, аталған меморандум аясында Шу ауданында «Жас сарбаз» әскери-спорттық ойындарынан жарыс ұйымдастырылып, оған бірқатар аудан жастары қатысты. Жастар жылы аясында өткізіліп отырған жарысты аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің бастығы, подполковник Нұрлан Бөденұлы мен Жастар ресурстық орталығының директоры Айнұр Рахымбаева ашып, жас сарбаздарға сәттілік тіледі. Айта кету керек, бұл ойынға аудандағы мектептерден және 29 жасқа дейінгі жастардан құралған 5 команда қатысып, әскери-спорттық ойындардың 6 түрінен сынға түсті. Дәлірек айтар болсақ, АК-74 автоматын уақытқа шашып-жинау, плащ түріндегі жалпы әскери қорғаныш толымын уақытқа киіп-шешу, 1 шақырым қашықтыққа жүгіру, гір тасын көтеру, турникке тартылу, сонымен бірге қыздар арасында жерге тіреліп жатып қолдарды бүгу және жазу бойынша бақ сынады.
Жарыс қорытындысы бойынша АК-74 автоматын уақытқа шашып-жинаудан Жібек жолы мектеп лицейінің оқушысы Мейіржан Ермек өзінің жылдамдығымен көзге түссе, қыздар арасында №40 орта мектебінен Аружан Аман үздік шықты. 1 шақырым қашықтыққа жүгіру сынында Алға орта мектебінің оқушысы Ақылжан Құтбай бірінші орынға ие болса, қыздар арасында Т.Әшімбаев атындағы мектептің оқушысы Балжан Серік қарсылас шақ келтірмеді. Ал, турникке тартылуда Б.Момышұлы атындағы орта мектептен Махир Байрамов жеңімпаз болса, гір тасын көтеруде №40 орта мектебінің оқушысы Темірлан Жаңғабылға ешкім тең келе алмады. Сонымен қатар, плащ түріндегі жалпы әскери қорғаныш толымын уақытқа киіп-шешу сынында Әділет Садыков қарсыластарынан басым түссе, қыздар арасында жерге тіреліп жатып қолдарды бүгу және жазуда Шакизат Төребек бірінші орыннан көрінді. Жалпы алғанда Шу қаласынан келген команда жарыс жеңімпазы атанып, облыстық «Жас сарбаз» әскери-спорттық ойындарына жолдама алды. Сонымен қатар, жарыс жеңімпаздары арнайы дипломмен және бағалайы сыйлықтармен марапатталды.