"Жаным ашып жүр, ұйқысы жоғалды" - Дәулет Тұрлыханов басы дауға қалған ұлы туралы

Көркем Алдабергенова 16 қаз. 2024 11:45 6506

Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов пробациялық тәртіпті бұзып, тойда көрінген ұлы Нұрасыл Болатты қорғап сөйледі,- деп хабарлайды Dalanews.kz Qaz365.kz-ке сілтеп.

«Қай әке баласы жаман болсын деп тәрбиелейді. Қолдан келгенше тәрбие бердік. Бала бірақ жақсы. Бірақ не үшін қалай болып жатқанын білмеймін. Бір баланың артынан аңду бар. 21 жастағы бала. Ертең жүйкесі тозып, ауру болып қалса оған кім жауап береді? Сондықтан, балам өте жақсы, тәрбиелі. Бүгінгі күні өзінің жолдастарымен араласуға болмай ма? Туған күнге баруға болмай ма? Сол жағы, денсаулығы мені қатты ойландырады», - деді депутат Парламентте журналистерге.

Депутат баланың артынан аңду бар деп күдіктенеді. Отставкасы туралы сұрақты өз сайлаушылары шешетінін мәлімдеді. Өз жұмысына жоғары баға берді.

«Ұлым 21 жаста. Оны бас бостандығынан не үшін айыру айыру керек? Сағат кешкі 20.30-да әріптестерімен отырған. Ішпеген. Бірден түрмеге қамайтын болсақ, ол тәрбие емес. Бәрі болуы мүмкін (өз-өзіне қол салуы мүмкін бе деген сұраққа). Күн сайын жазады. Телефонда бәрі жазып жатыр. Біреу жақсы айтса, біреу жаман айтып жатыр. Ол бала да ойланады. Ол балаға жаным ашып жүр. Ұйқысы жоғалды. Қазір балама ұрыспаймын. Денсаулығын ойлап отырмын», - деді Дәулет Тұрлыханов.

Еске салайық, бұған дейін Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыхановтың ұлы Нұрасыл Болат тағы "қыдырып жүргенін" жазған едік. 

Әлеуметтік желіде Нұрасылдың туған күнде отырған видеосы тарады. Ал сот шешімі бойынша Тұрлыхановтың ұлы пробациялық бақылауда (уәкілетті органдардың сотталғандарға сот жүктеген міндеттерді орындауын және олардың мінез-құлқын бақылау).

Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіндегілердің мәліметінше, Нұрасыл Болат бас бостандығын шектеу түріндегі жазасын өтеп жүр және Алматы қаласының пробация қызметінде есепте тұрды.

"Пробациялық бақылауды бұзу фактісі бойынша сотталған адамға (Нұрасыл Болатқа) ескерту жасалды, жазаны бас бостандығынан айыруға ауыстыру туралы мәселені шешу үшін сотқа материал дайындалып жатыр", - делінген комитеттің ресми жауабында. 

Тамызда желіде Нұрасыл Болаттың үйінде пробациялық бақылауда болуы керек уақытында қаланы аралап жүргені түсірілген видео пайда болды. ҚАЖК ішкі тексерісті бастағаны туралы айтылған болатын.

Айта кетейік, бұған дейін Алматыда әскери қызметкер белгілі адвокатты соққыға жыққаны хабарланған. Бұл оқиға 11 ақпанға қараған түні Алматының сауда орталықтарының бірінің маңындағы паркингте болған. Іс қоғамдық дау тудырды.

Бұл оқиға туралы адвокат Олег Черновтың әйелі Анна Дмитриевич Facebook-парақшасында жазған. Олар таксиге отыра бергенде бір жігіт жүгіріп келіп, соққыға жығылған қызға көмектесуін сұраған.

Ал кейін адвокатты соққыға жыққан әскери қызметкер грек-рим күресінен қазақстандық және бұрынғы Кеңес Одағының палуаны Дәулет Тұрлыхановтың ұлы болып шықты. Бұл ақпаратты Тұрлыхановтың өзі растаған болатын. Ол ұлына қатысты дауға көзқарасын білдіріп, кешірім сұрады.

9 қазанда сот Нұрасыл Болатты өзіне тағылған қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп тауып, 1 700 000 теңге көлемінде айыппұл салды. 2024 жылғы 14 мамырда Жоғарғы Сот істі кассациялық тәртіпте қарап, үкімді өзгертті. Тұрлыхановтың ұлына екі жыл бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалып, өтемақы мөлшері ұлғайтылды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар