Жаңа салық кодексі: кәсіпкерлер жаппай жұмысын тоқтатып жатқаны рас па?

Көркем Алдабергенова 29 жел. 2025 11:21

ҚР қаржы вице-министрі Ержан Біржанов Қазақстанда жеке кәсіпкерлер жаппай жабылып жатыр деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Оның айтуынша, керісінше, елде жаңа бизнес субъектілерінің саны артып келеді.

"Қазір жеке кәсіпкерлер жаппай жабылып жатыр деген әңгіме көп айтылады. Бірақ бұл – дұрыс емес. Өткен жылмен салыстырғанда біз оң сальдоны көріп отырмыз: плюс 150 мың жаңа бизнес субъектісі тіркелген. Ал 2024 жылы 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 50 мыңға да жетпеген еді. Яғни жаңа Салық кодексін енгізу аясында жеке кәсіпкерлер жабылып жатқан жоқ, керісінше олардың саны артып келеді. Бұл – ресми статистика", – деді вице-министр Мәжіліс кулуарында.

Сонымен қатар, Ержан Біржанов оңайлатылған режимде жұмыс істейтін кейбір кәсіпорындардың жабылуы мүмкін екенін де жоққа шығармады. Оның сөзінше, кей жағдайда бір бизнестің айналасында қосымша екі-үш жеке кәсіпкер тіркеліп, олар негізгі компанияны ҚҚС-қа өтуден «сақтандыру» үшін құрылған.

"Мұндай кәсіпкерлерді біз шартты түрде "серіктестер" деп атаймыз", – деп түсіндірді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар