Қыркүйектің 28-інен 29-ына қараған түні Tele2, Kcell және Beeline Қазақстан операторларының интернет желісі баяулап, бұл өз кезегінде қолданушылардың наразылығын тудырды.
Ақпарат құралдарына пікір білдірген операторлар мұның себебін хакерлік шабуылмен байланыстырған болатын.
Интернеттің жаппай істен шығуы Алматы мен Атырау әуежайының жұмыс жоспарын бұзып, бірқатар әуе рейстері ұшу уақытын өзгертуге мәжбүр болған еді.
Осы мәселеге орай Dalanews тілшісімен аз-кем әңгіме-дүкен құрған саясаттанушы Эдуард Полетаев пайымдауынша кибершабуылдардың түпкі себебі еліміздегі саяси реформаларға кедергі келтіру.
«Әблязов пен Храпунов бастаған қашқын олигархтар Жаңа Қазақстанға соқтығудың амалын таппай аласұрып жүр. Соңғы бірнеше күн бойына Қазақстанның интернет кеңістігі кибершабуылға ұшырауда.
Қазнеттің қол-аяғын матап, мемлекеттік органдардың жұмысын істен шығаруды көздеген теріс пиғылды топ Қазақстанды мықтап нысанаға алған сыңайлы. Соның кесірінен ел көлемінде интернеттің жылдамдығы баяулап, халықтың ашу-ызасын туғызуда.
Кибершабуылдың түпкі себебі белгілі: Әблязов пен Храпунов тандемі Жаңа Қазақстандағы демократиялық үрдістердің жедел жүріп жатқанына жаны ауырады. Ой еркіндігі, сөз бостандығы деген ұғымды монополиялап алған Әблязов елдегі оқиғаларды қалт жібермей қадағалап отыр», – дейді сарапшы.
Оның айтуынша қазіргі биліктің халыққа бет бұрып, «еститін ел» қағидасын шын мәнінде жүзеге асыра бастауы Әбләзов қалың аудиториядан айырып, сұраныстан қалдырады. Шетелде бой тасалап жүрген саясаткер осыны ойлағанда түні бойы көз ілмей дөңбекшіп шығады.
Ал Қазақстанның қауіпсіздік құрылымдары интернетті баяулатып, меморгандардың жұмысына зақым келтірген алаяқтардың ізін кесіп, олардың локациясын анықтады.
Жаңа Қазақстанға кесірін келтіргісі келетін қылмыстық құрылымдардың осы мақсатта Парижде боттар орталығын ашқаны белгілі болды. Бұл орталық тез балалап, Женева, Киев және Ригада өз желісін ашқан.
«Бұлардың мақсаты – сайлау қарсаңында Тоқаевты тілдеп, Президенттің атына кір келтіру. Жаңа Қазақстанды құруға тосқауыл болу. Әблязовтың «фейктер армиясы» не дәлелі, не дәйегі жоқ, қолдан құралған, ойдан құрастырылған сапасыз контентті әлемжеліге үйіп-төгіп жатыр.
Мұхтар мен оның жақтастары осынау ақпараттық шабуылдың – бас демеушісі. Шетелде бой тасалап жүрген қашқын олигархтың Қаңтар оқиғасынан кейін ескі жүйемен ауыз жаласқанын, ескі жүйемен астыртын жұмыс істейтінін біреу білсе, біреу білмес. Әбләзовтың артында әділетті Қазақстанның қағидаларынан қорыққан басқа да жемқорлардың төбесі көрінеді», – дейді бұл ретте Эдуард Полетаев.
Естеріңізге сала кетелік, егер сіз ақпараттық қауіпсіздікке қатысты мәселеге тап болсаңыз 1400 нөміріне хабарласуыңызға болады.