Жамбыл облысындағы жер сілкінісінен қабырғаларда жарықтар пайда болды

Сағыныш Сардарова 28 нау. 2025 09:56 950

Жамбыл облысындағы жер сілкінісінен ғимараттардың қабырғаларында жарықтар пайда болды. Бұл туралы облыс әкімдігі мәлімдеді, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

28 наурызда түнде Жамбыл облысының бірқатар ауданы мен Тараз қаласында жер сілкінісі тіркелді.

Жер асты дүмпуінің жоғары қарқыны – 5 балл, бұл Меркі ауданындағы Меркі ауылында тіркелді.

Т.Рысқұлов ауданының Құлан ауылында жер сілкінісінің күші 4 балл, Тараз, Шу қалаларында, Қордай, Мойынқұм аудандарында 2 балл болды.

Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес облыстық жедел штаб жұмыс істеп жатыр. Зардап шеккендер туралы мәлімет жоқ.

"Алдын ала мәлімет бойынша Т.Рысқұлов ауданы Қарақыстақ ауылындағы Мәдениет үйі, Меркі аудандық ауруханасы, Ойтал ауылындағы мектеп ғимаратының қабырғасында жарық пайда болғаны анықталды. Басқа нысандар туралы ақпарат нақтыланып жатыр", - деп жазылған хабарламада.

Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеев жағдаймен танысу үшін Т.Рысқұлов және Меркі аудандарына барды.

Айта кетейік, 8(7262)513575 нөмірі бойынша жедел желі іске қосылған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар