Жамбыл облысында аудандық сот зауыттардың бірінде инженер болып жұмыс істеген Қытай азаматын соққыға жыққан жұмысшының ісін қарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Оқиға маусым айында болған. Жұмысшы басшысынан жұмыс уақыты есебіне қол қоюды талап еткен. Басшысы бас тартқанда, жұмысшы ашуға мініп, оны бірнеше рет ұрған.
Ол қытайлық инженердің беті мен денесіне соққы жұмсаған. Сот жұмысшыға айыппұл салды және моральдық зиян үшін жарты миллион теңге өтемақы төлеуге міндеттеді. Айыпталушы кінәсін мойындап, өкінетінін айтып, кешірім сұраған. Алайда жәбірленуші кешірімнен бас тартып, моральдық зиян мен өкілінің шығынын өтеуді талап етті.
Сот айыпталушының кінәсін мойындауы мен өкінуін жеңілдететін мән-жай ретінде есепке алып, оған 157 200 теңге көлемінде айыппұл тағайындады. Сонымен қатар, ол жәбірленушіге 500 000 теңге моральдық өтемақы төлеуге міндеттелді.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.