FlyArystan жолаушысын Алматыдан Ақтауға ұшатын рейске кіргізбей қойған

FlyArystan жолаушысын Алматыдан Ақтауға ұшатын рейске кіргізбей қойған
ашық дереккөз.

FlyArystan жолаушысы Алматыдан Ақтауға ұшатын рейске отырғызылмағанын айтып, әуе компаниясына шағымданды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Жолаушы Вячеславтың айтуынша, оған әуежайдағы FlyArystan қызметкері «Сізді рейске отырғызбаймын» деп айтқан. Ер адамның сөзінше, оған рейске отыруға рұқсат берілмеуіне қол жүгінің екі бөлікке бөлінуі себеп болған. Оның қолында пакет пен рюкзак болған.

Жолаушының айтуынша, екі заттың жалпы салмағы белгіленген талаптарға сәйкес келген. Ол мәселені қызметкерлерден нақтылауға тырысқанымен, оған не істеу керектігі жөнінде жауап берілмеген. Кейін басқа жолаушылар заттарын бір жүкке біріктіруді ұсынған.

Вячеславтың айтуынша, ол әу бастан басқа жолаушылармен бірге гейт маңында болған. Алайда соңында рейске жолаушылардың барлығы кіргізіліп, тек өзі ғана ұшаққа отырғызылмаған. Ер адам тәртіп бұзбағанын және қызметкерлермен дөрекі сөйлеспегенін атап өтті.

Осыдан кейін жолаушы жаңа билет сатып алып, Ақтауға Астана арқылы ұшуға мәжбүр болған. Оның айтуынша, FlyArystan компаниясына жазған өтінішіне бес күн өтсе де жауап берілмеген.

Авиакомпанияның қол жүгіне қатысты ережесіне сәйкес, жолаушы бортқа салмағы 7 келіге дейінгі және өлшемі 56×23×36 сантиметрден аспайтын бір ғана қол жүгін тегін алып кіре алады. Яғни бірнеше заттың жалпы салмағы белгіленген мөлшерден аспағанымен, олар бір жүк ретінде рәсімделуі керек.

Сондай-ақ осы рейске тағы бір ерлі-зайыптының да отырғызылмағаны айтылды. Алдын ала мәлімет бойынша, олар отырғызудың аяқталғаны туралы хабарландыруды естімеген болуы мүмкін.

Оқиға туралы ақпаратты Qumash жариялады. Қазіргі уақытта жолаушының мәлімдемесі бойынша ғана белгілі болып отыр, ал FlyArystan тарапынан жағдайға қатысты ресми түсініктеме берілген жоқ.