Еуразиялық одақ саясиланбайды. Тоқаевтың негізгі ұстанымы осы - Руслан Желдібай

Dalanews 26 мам. 2023 04:32 864

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың баспасөз хатшысы Руслан Желдібай президенттің Мәскеу сапарына қатысты пікір білдірді деп хабарлайды Dalanews.kz. 

Айта кетелік, Тоқаев Мәскеу қаласында өткен II Еуразиялық экономикалық форумға қатысқан болатын.  Жиын барысында бүгінде сарапшылар қауымдастығы кеңінен талқылап жатқан бірқатар маңызды мәлімдеме жасаған.

"ЕАЭО аясындағы интеграция тек қана экономикалық сипатта ғана жүруі керек. Бұл – Президенттің негізгі ұстанымы.

Оның шеңберінен шығу ұйымның жарғылық құжаттарының мақсаттарына, принциптері мен міндеттеріне қайшы келеді.


Президент атап өткендей, экономикалық интеграция – бұл түпкі мақсат емес, ол экономиканы дамытудың және халықтарымыздың әл-ауқатын арттырудың негізгі құралдарының бірі. Яғни, ұйым асында қабылданатын кез келген шешім оның әрбір мүшесіне және, ең алдымен, олардың азаматтарына пайдасын тигізуі тиіс", - деді Руслан Желдібай.

Оның атап өткеніндей жиында түрлі деңгейдегі интеграция мәселесі қозғалған.

"Бүгінде ЕАЭО-ның екі мүшесі – Ресей мен Беларусь өзара ықпалдастықтың жоғары деңгейіне шықты. Бұл – ерекше прецедент.

Мемлекет басшысының пайымынша, шын мәнінде, бір халық және бір мемлекет туралы сөз болып отыр. Осы ретте мүлде басқа мақсаттарды көздеген екі түрлі интеграциялық жоба шеңберіндегі бастамалардың ара-жігін ажырату аса маңызды.

Біздің елімізге келетін болсақ, Қазақстан қандай да бір одақтас мемлекеттер құруға немесе олардың құрамына кіруге ниетті емес және оны жоспарлап отырған жоқ", - деп жазды ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар