Үндеуді марқұмның ағайын-тумалары сол бір қасіретті күндері Нүкеновтер әулетінің қайғысына ортақтасып, қолтығынан демескен көпшілік қауымға арнаған екен. Үндеу әріптесіміз Болат Аманбаев парақшасында жарияланды.
ҮНДЕУ
"Қадірлі достар, қымбатты қазақстандықтар!
Қызымыз Салтанаттың айуандықпен өлтірілуіне байланысты көңіл білдіргендеріңізге шын жүректен алғысымызды айтамыз. Сіздердің жазған қолдау пікірлеріңізді, шалған қоңырауларыңызды, хабарламаларыңызды, білдірген көңілдеріңізді көріп отырмыз.
Біз зорлық-зомбылық пен адам өліміне төзбейтін қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан осы оқиға республика тұрғандарын дүр сілкіндірді. Салтанаттың қазасы әлсіз адамдарға жасалатын әлімжеттікке қарсы күрестің символына айналды.
Марқұм қызымыздың топырағы суымай жатып, әлеуметтік желілерде әртүрлі алып қашпа әңгімелер мен өсектер тарай бастағаны жанымызға қатты батты.
Кейбір журналистер мен блогерлер осы оқиғадан өздеріне арзан абырой мен жалған атақ жинауға көшіпті. Осыған байланысты біздің әулетті қандықол қылмыскердің туыстарымен ымыраға келіпті деген қанқу сөздерде пайда болыпты. Бірақ бұл шыңдыққа сәйкес келмейді. Біз ешкімді кешірген жоқпыз.
Мыңдаған адам қайғымызға ортақтасып, шын көңілдерін білдіріп, бізді жұбатып жатыр.
Аса қатігездікпен жасалған бұл қылмыстық істі жеке бақылауына алған ел Президентіне ерекше алғысымызды білдіреміз.
Бүгінгі күні тергеу органдары тарапынан қылмысты ашу бойынша кешенді шаралар жүргізілуде.
Президенттің пәрменімен бұл оқиға ерекше тергелетін іс болып тіркелді. Қазіргі уақытта сол түнгі қылмыстың қалай өрбігені бүге-шігесіне дейін нақтылануда.
Біз осы қылмыстың куәгерлері бар және олар қылмысты ашуға көмектеседі деп сенеміз.
Егер қандай да бір осы қылмыс туралы ақпараттар мен айғақтарды білсеңіз полицияға немесе біздің қорғаушыларымыз: И О. Вранчев және Ж.М. Оразбақоваға хабарласуыңызды сұраймыз. Егер сіздің қылмыстық іске қатысты маңызды ақпаратыңыз болса, бірақ жеке басыңыздың қауіпсіздігі үшін секеміңіз болса, сізге заң жүзінде мемлекет тарапынан қорғау кепілдігі болады.
Елімізде осындай жан түршігерлік қылмыстарға төзбеу қағидасын ұстанып, біздің әулеттің қайғысына ортақтасып, жаны күйген жұртшылыққа, күйзелген көпшілікке ризашылығымызды білдіреміз".
Айта кетелік, экс-экономика министрі Қуандық Бишімбаев Елордадағы ресторанның бірінде әйелін соққыға жығып, ұрып өлтірді деген күдікпен қамалған. Марқұмның ағасы Қайрат Нүкенов "Бишімбаевты ақтауға әрекет етіп, жалған ақпарат таратқан" блогерлерді айыптап, экс-шендінің жақындарын кешірмейтін айтқан. Үлкен шу туғызған қылмыстық іске президент Тоқаев назар аударып, Ішкі істер министріне істі айрықша бақылауға алуды тапсырған еді.
https://dalanews.kz/del-qazir/95325-styuardessadan-milliarderge-deyin-na