Талайлардың тартысына түссе де талауына қалмаған тағдырды еншілеген Елорданың өткені өзінше бір тарих. Ал шахардың бүгінгі шырайын келтіруге еңбегі сіңген ерлердің ішіндегі есімі ел есінде қалуы тиіс оғландардың, өркениеттің үздік үлгісі іспеттес шахарлардың шам-шырағын жаққан азаматтардың да сол ақ бас тарихтан алар өз орны бар..
Астана Астана болғалы әлемдік қауымдастық көз тіккен ауқымды шара – 2003 жылдың 23 қыркүйегінде өткен «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші құрылтайы» болатын. Аталған халықаралық дәрежедегі басқосуды жоғары деңгейде өткізе отырып, Елорданың имиджін насихаттау мен шахарға ілкімді инвестиция тарту жағына да баса назар аударылған. Елордада өтетін әрбір шара қала үшін несімен маңызды, қаланы дамытуға қандай игі-әсері болмақ деген тұрғыдан келгенде аталған шараның маңызы мен тағылымы ерекше болды.
«Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының бірінші құрылтайы» әу бастан ақ бейбітшілік пен тыныштықты ту етіп, сыртқы ықпалдастықта достық қарым-қатынасты мығым ұстана білген Қазақстанның дипломатиясы жемісті жігерлілік танытып, соның нәтижесінде халықаралық деңгейдегі Қазақстанның имиджі артып, Орталық Азия өңіріндегі қазақстандық көшбасшылық мойындала түскен. Басқа көршілерге қарағанда инвестиция тартымдылығы ғана емес, осынау халықаралық басқосудың Астана төрінен табылуы да осындай беделдің қалыптасуынан болғаны анық. Бейбітшілік пен дінаралық, этносаралық татулыққа озық үлгіге тұрарлық ел ретінде танылып үлгерген ресми Астана өз ұстанымын халықаралық деңгейде одан әрі нығайта түсу үшін «Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайын» өткізді. Дәстүрлі үш бағыттағы дін басыларының бір жерде бас қосуы бұған дейінгі тарихта болмағанын ескерсек, бұл Қазақстанның басты жетістіктерінің біріне саналары анық. Бұл бастаманы әлемдік және дәстүрлі діндердің жетекшілері асқан ризашылықпен қабыл алды. Сөйтіп, Астанада тұңғыш рет әлемдік дін лидерлері бір дастарқанды жағалай отырып, бас қосты, пікір алмасты. Тұңғыш құрылтайдың нәтижесі де көңіл көншітті. Дін басылары «бәріміздің жаратушымыз бір, олай болса өркениеттерге сыйластықпен, ұстамдылықпен, құрметпен қарап бәріміздің бейбіт, қатар өмір сүруімізге болады» деген халықаралық құжатқа қол қойды. Әрбір дәстүрлі дін жетекшісі өзі табынатын жаратушыдан Қазақстанға, оның халқына қолдау көрсетуін тілеп дұға жасады. Бәйтеректің ұшар басына бірге шығып, бейбіт өмір сүруге, қатар жүруге болатынын іс жүзінде дәлелдеп шықты.
2003 жылдың 13 қазанында Астанада ұзындығы 1225 шақырым Алматы – Астана автожолы салтанатты түрде ашылып, еліміздің ең үлкен екі қаласының басты барыс-келіс бағыты іске қосылды. Осы қазан айында тек Қазақстанда ғана емес, сонымен бірге Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдеріндігі ең биік, биіктігі 155 метрлік 36 қабатты «Транспорт тауэр» әкімшілік ғимаратының тұсаукесері болды. Сонымен қатар, Астананың теміржол вокзалы ғимараты да заманауи тұрғыда қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Ал 2004 жылдың басында астаналық тұрғындардың саны жарты миллионнан асты.
Елорда қазақ елінің астанасы мәртебесін алғалы қазақтың талай марқасқалары шуақты шахарға қоныс аударды. Елорда әкімшілігі мұның маңыздылығын жете сезініп, зиялы қауымға қол ұшын беріп, жағыдай жасауға тырысты. Елорданың көшін түзеп, көрігін қыздыратын ғылым мен білім, әдебиет пен мәдениет қайраткерлері өз кезегінде ару Астананың айшықталып, сәулеті дамып, дәулеті асуы үшін қызмет етіп келеді.
Иә, зиялы қауым Елорданың мәдени-рухани дамуына үлес қосып қоймай, ел астанасы арқылы қазақ жұртының рухани санасын сақайту жолында еңбек етуде. Сонау заманы содырлау, адамы соқырлау уақыттан, қазiргi қарға адым мезет аралығын рухани тоқайластырған бiтiмi бөлек тұлғалар. Бүтiн халықтың сана болмысындағы терiсаққанға қарсы тұрған — оң ағызу үшiн, ақылын мал мен мансапқа алғызған көпке қарсы шыққан — жанарындағы шелдi сылу үшiн.
Екі мыңыншы жылдары ел Астанасында қала құрылысы қарқын алып, аумағы ұлғая түскен. Шахардың басты құрылыс нысандарының іргесі осы кезде қаланып, аз уақытта ару Астананың шын мәніндегі шырайы кіре бастаған.Бұл кез қала құрылысы қатты қарқын алып, дені аз уақытта пайдалануға беруге жоспарланған. Бұл жылдар күрделі де қызғылықты оқиғаларға толы болды.
Әрине,ел дамуына серпін берген Елорданың өсіп өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар есімін тізіп, тағылымын таразылап шығу қиын шаруа. Әйтсе де олардың шахарды дамытудағы ілкімді ізденісі мен ерен еңбегі өскелең ұрпақтың жадында сақталып қалмай, одан әрі әрбір тұрғынның қаланы көркейтуге деген ықыласын тудырса құба-құп.
Қала басшылығы базардағы бағаның әлсін-әлсін шарықтап кетуімен кешенді түрде күресіп, қымбатшылыққа дер кезінде тосқауыл қойып отырды. Қаланың қайбір тар жолдарын кеңейтіп, көлік кептелістерінен арылуға күш салды. Үйлердің аулаларын тазартып, пәтер иелері кооперативтерінің жұмысын жөнге келтіруге баса назар аударды. Есіл өзенінің жалаңаш жағалауын абаттандырып, тұрғындардың серуендеуіне жағыдай жасады. Астананың қатты желінде қоқысымен бірге қопарыла ұшып жүретін жәшіктерді жан жағынан таспен қалап тасталды. Астаналықтарды жиі өшіп мазалайтын жарық, газ, су мәселесі шешілді. Бір қарағанда қордаланып қалған аталған жайттар көзге көрінбейді. Бірақ, шахар тұрғындары үшін ең маңызды мәселе.
2004 жылы Астанада тұрғын үймен қамтамасыз ету және көлік қатынасын дамыту туралы бағдарламалар қолға алынды. Бұл кезде Астана тұрғындарын әлеуметтік тұрғын үймен қамтамасыз ету басты міндет саналды және сол кезде жас отбасылар, мемлекеттік қызметкерлер, әлеуметтік қызметкерлер, мұғалімдер мен дәрігерлерге пәтер көптеп беріле бастады. Сонымен қатар, көлік қатынасына көп көңіл бөлінді. 2006-2010 жылдарға арналған астаналық көлікті дамыту бағдарламасы жасалды. Жиырма төрт жол құрылысын салуды, Елордада автотұрақ жүйесін дамыту және жол қауіпсіздігін арттыру жоспарланды. Ақбұлақ өзеніне көпір салынып, Астананың оңтүстік-шығыс бөлігінен орталыққа өтуге мүмкіндік туды.Қолға алынған жұмыстар көп күттірмей жемісін берді де. Сәуір айының басында жапондықтар жалпы құны 3,5 млн доллар тұратын 23 жедел жәрдем көлігін Астана қалалық «Жедел жәрдем» стансасына тарту етсе, 21 сәуірде Астана темір жол вокзалынан «Астана – Алматы» бағытында қатынайтын «Тұлпар» жолаушылар жүрдек пойызы алғашқы сапарға аттанды. Жүрдек пойыздың арқасында екі қала арасын 13 сағатта жүріп өтуге қол жетті. Өскелең ұрпаққа қазақ тілінде білім беру де назардан тыс қалған жоқ. Мамыр айның ортасында бірінші «Көктал» тұрғын алабында жаңадан қазақ орта мектебі ашылып, оған әйгілі ғалым Әлкей Марғұланның есімі берілді.
2004 жылдың 9 маусымында Астанада әр түрлі мәдени-бұқаралық, іскерлік, спорттық, ойын-сауықтық шаралар қарастырылған Мәскеудің мәдениет күндері басталып, ол Астана күніне арналып, алғаш рет сол жағалауда өткен мерекелік іс-шаралармен жалғасты. Осы күндерде құрметті қонақ, сол кездегі Мәскеу мэрі Ю. Лужковтың қатысуымен Қазақстан Республикасы Ұлттық Академиялық кітапханасының ресми ашылуы болды. 2004 жылдың басты жетістігі – Елордада бірнеше ғимараттардың тұсауы кесіліп, халық игілігі үшін пайдалануға берілді. Оның қатарында сол жылы ашылған ғимараттардың бірі де бірегейі, бүгінде еліміздің басты саяси нысанына айналған Ақорда болатын. Ғимараттың ресми тұсаукесері 24 желтоқсанда өтті. Ал 26 желтоқсанда астаналықтар мен қала қонақтарының Жаңа жылды қарсы алуы және қысты көңілді өткізулері үшін жасалған «Су асты әлемі» мұз қалашығы ашылды. 2 ақпанда бес деңгейден тұратын, алты телескопиялық сатылармен жарақталған, ұшақтың барлық түрлерін қабылдай алатын және бір мезгілде 750 жолаушыны өткізуге мүмкіндігі бар Астана әуежайының жаңа халықаралық терминалы қолданысқа берілді. Ұлыстың Ұлы күні 22 наурызда Есіл өзенінің сол жағалауында тағы бір еңселі ғимарат «Нұр Астана» мешіті пайдалануға берілді.
Сәуір айының ортасында Сыртқы істер министрлігі ғимараты ашылды. Сонымен қатар, бес жұлдызды Rixos President Hotel Astana қонақ үйі пайдалануға берілді. Небәрі тоғыз айдың ішінде салынып біткен аталған ғимарат Rixos Group халықаралық қонақ үйлер желісі мен Түркияның Sembol İnşaat компаниясының Қазақстанның Елордасындағы алғашқы ірі жобаларының бірі болды. Ал 10 маусымда Астана күніне арналған мерекелік іс-шараларға жалғасты. Астана қаласындағы ғашық жандарға арналған бірден-бір романтикалық орта «Жастар саябағы» ашылып, ағаш отырғызылды. Сол күні ТМД-ның ірі қалаларының басшылары, қоғам өкілдері және шетелдік қонақтар қатысуымен Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің орган залының салтанатты ашылуы өтті. Желтоқсанда Орталық Азиядағы баламасыз әрі ең ірі сәулет жобасы «Хан шатыр» ойын-сауық орталығының іргетасын қалау рәсімі өтсе, артынша жаңа цирк ғимараты ашылды. Жұртшылық циркте өткен «Күн балалары» атты театрландырылған қойылымды, жаңа цирк бағдарламалары мен пиротехникалық шоуды тамашалады. 2005 жылы барлық мемлекеттік аппарат Астананың сол жағалауында орналасқан жаңа әкімшілік орталыққа қоныстанды. Қала Елорда мәртебесін алған жеті жыл ішінде тұрғындарының саны өсіп алты жүз мың адамға жуықтады. Және бұл жылы 1200 орындық – бес, 400 орындық бір орта мектеп, 208 және 240 орындық екі балабақша пайдалануға берілді.
17 наурызда «Астана қаласын тұрақты дамытудың 2030 жылға дейінгі стратегиялық жоспары туралы» Жарлық күшіне енді. Мамыр айының басында Астананың 2006-2010 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламасы бекітіліп, жаңа университеттің, индустриалды парктің, медицина кластерінің, салынатын көпірлердің жобалары таныстырылды. 6 шілдеде Астана күніне арналған мерекелік іс-шаралар өтіп, Есіл өзенінің қос жағалауын жалғайтын, сол жағалаудағы негізгі көлік ағындарының түйісіндегі М-1 жол көпірі мен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының жаңа ғимараты салтанатты түрде ашылды.
1 қыркүйекте салтанатты түрде Бейбітшілік және келісім сарайы ашылды. Аталған рәсімге Орталық Азия мемлекеттері басшыларының бейресми кездесуіне келген Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Кәрімов, Қырғыз Республикасының Президенті Құрманбек Бакиев және Тәжікстан Республикасының Президенті Эмомали Рахмонов қатысты. Аталған сарайда 12-13 қыркүйекте әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының ІІ съезі өтіп, онда 20-дан астам елден 43 делегация бас қосты. 2006 жылдың қыркүйек айында Астанада форумды өткізу үшін арнайы салынған ғимарат - Бейбітшілік және келісім сарайында «Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының» екінші съезі өтті. Съезге Еуропа, Америка, Африка және Таяу Шығыстың 26 елінен 25 дін басшысы мен 14 құрметті қонақ қатысты. Форумға қатысушылардың жалпы саны 160 адамнан асты. Бұдан басқа, форумға құрметті қонақ ретінде танымал саясаткерлер, халықаралық ұйымдардың, мемлекеттердің басшылары келді. Жалпы осы жылдары елімізде бірінші болып, Астанада құрылыс кластері құрылды. Оның басшылығы кезінде әсіресе, кез-келген адам жалпыға бірдей сенім негізінде уәде бере отырып тұрғындардан ақша жинап,үй салатын ортақ құрылыс кең таралды. Еліміздің астанасында құрылған бұл бизнес дүниежүзілік қаржы дағдарысы келгенше өркендеді. Сонымен қатар,сол кезеңде Парламент «Астананың мәртебесі туралы» Заңға жерді алып қоюға қатысты түзетулер қабылдады. Инвесторлардың кейде құрылыс жұмыстарын тым баяу жүргізетініне тұрғындардың көңілі толмады. Сондықтан да, жерді қайтару рәсімдерінің мерзімін қысқартуды ұсынды. Бұл кезеңде астаналық тұрғындардың тозған тұрғын үйлерді бұзу жөніндегі шешім мен бастысы ұсынылған өтем ақыға келіспеушіліктерімен тікелей жұмыс істеуге тура келді. Астанаға халықтың жан жақтан ағылып келуіне байланысты Елорда халқы күрт өсті. Осы мәселелермен қатар, бәрінен де қызу талқыланғаны - жерді аукциондар арқылы сату тәсілімен жағымсыз иіс таралатын Талды көлмен күрес болды. Міне, осындай күрделі мәселелерді шешуде батыл қадамдар қабылдау - Елорда келбетін қалыптастыруда өзіндік өрнек - қолтаңба қалыптасты деуге әбден болады.
Айhаным Болатбекқызы