Экс-вице-министр Тимур Тоқтабаевтың ісіне қатысты тәркіленген Bentley Bentayga және Mercedes Maybach-ты сату бойынша сауда жүргізілмеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жалпы құны 200 миллион теңге болатын автокөліктер мемлекеттік заңды тұлғалардың балансындағы мүлікті кейіннен беру және біріктіру үшін аукционға қойылады. Көліктерді тек бір қатысушыға сатуға рұқсат беру көзделген.
"Ұсыныс мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңдылықты, құқықтық тәртіпті сақтау, мүлікті тәркілеу бөлігінде қылмыстық іс бойынша сот үкімі негізінде тыйым салынған мүлікті өткізу немесе пайдалану қағидаларында белгіленген өлшемдерге сәйкес болған кезде қылмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу және жолын кесу мақсатында құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдар болып табылатын мемлекеттік заңды тұлғаларға беруге арналған", - делінген хабарламада.
Хабарландыру "Электрон сауда алаңында" жарияланған. Сонымен қатар, сайтта автокөліктердің суреттері де бар.
Саудаға 2021 жылғы қара Bentley Bentayga V8 қойылды. Автокөлікті бағалау осы жылдың сәуір айында жүргізілді. Бағалаушы компания кроссовердің нарықтық құнын 104 миллион 316 мың теңге деп белгілеген.
Ақ Mercedes-Benz Maybach s580 4MATIC 2021 жылы шығарылған автокөлік сәл төмен сомаға бағаланды. Оның нарықтық құны 79 миллион 839 мың теңге болған.
Айта кетейік, Bentley Bentayga автокөлігі бойынша сауда-саттық 2024 жылдың 3 шілдесінде қтуі керек болған, бірақ олар қатысуға өтініштің болмауына байланысты өтпеген.
Mercedes-Bens Maybach S580 автокөлігін сату бойынша сауда 5 шілдеде өтуі керек болғанымен кейінге қалдырылған.
Айта кетейік, 2022 жылы қарашада Антикор мен Бас прокуратура Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіндегі лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу басталғанын хабарлаған болатын.
Кейіннен экс-вице-министр Тимур Тоқтабаев ұсталғаны белгілі болды. Тимур Тоқтабаев 2023 жылдың қазан айында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны үшін жеті жылға сотталды.